Kyzylorda-news.kz. Соңғы екі ойында қызылордалық «Қайсар» жеңіске жетіп, турир кестесіндегі жағдайын жақсатып алды. Алдымен ақтаулық «Каспийді» сырт алаңда 3:1 есебімен тізе бүктірсе, одан кейін өз алаңында қарағандылық «Шахтерден» 2:1 есебімен басым түсті.
Төртінші турдың алғашқы ойынында Ақтаудың «Каспий» командасы Қызылорданың «Қайсары» кездесті. Ақтаудағы стадионның дайын болмауына байланысты ойын Алматы қаласындағы «Жас Қыран» стадионында өткізілді.
Қазірге дейін командалар турнир кестесінде төменгі орындарда келе жатқан еді. Ақтаулық ұжым үш турда бірде-бір ұпайға қол жеткізе алған жоқ. Ал қызылордалық клубтың еншісінде небәрі бір ғана ұпай болды.
Ойын басынан қос команда бірден шабуылға көбірек шығуға көңіл бөлді. Көп сәтте «Қайсар» ойыншыларының белсенділігі байқалды. Нәтижесінде олардың қатарынан 27, 32-минуттарда Василий Совпель екі мәрте мергендік танытты.
Ойынның 54-минутында қызылордалық клубтан Бақдәулет Зульфикаров есепті үстемелей түсті. Ал 63-минутта «Каспий» сапынан Алексей Залески пенальтиден мүлт кеткен жоқ.
Осылайша «Қайсар» қарсыласынан 3:1 есебімен басым түсіп, биылғы біріншіліктегі алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Турнир кестесінде олар сегізінші орынға көтерілсе, ақтаулық клуб соңғы орынға сырғыды.
«Ең алдымен алыс жолдан келген жанкүйерлерге ерекше алғысымды жеткіземін. Өйткені біз Алматыда ойнасақта жанкүйерлердің қолдауының арқасында өз алаңымызда жүргендей сезіндік. Бұл біздің жеңістің бір белгісі деп білемін. Жоғары деңгейлі матч болды. Бастысы, бас бапкердің тактикасын сауатты орындап, маңызды 3 ұпайға қол жеткізді», – деді «Қайсардың» беларусьтік шабуылшысы Василий Совпель.
Қызылордада жергілікті «Қайсар» мен Қарағандының «Шахтері» қорытындылады.
Командалар биылғы біріншілікті сәтсіз бастады.
Төрт ойыннан кейін небәрі төрт ұпай жинаған «Қайсар» тоғызыншы орында тұрса, «Шахтер» небәрі бір ұпаймен он екінші орынды місе тұтты.
Командалар бірден шабуылға көшті. Нәтижесінде 3-минутта қарағандылық клубтан Иван Свиридов есеп ашты. Одан кейін «Қайсар» сапынан Горан Милойко 19, Әділет Кеңесбек 39-минутта екі гол соқты. Осылайша «Қайсар» қарсыласынан 2:1 есебімен басым түсті.
Ойыннан кейін қайсарлық қорғаушы Қуаныш Қалмұратов «Шахтермен» қарсы матчтың қиын болғанын жеткізді.
Ойын екі команда үшін қарқынды басталды. Жылдам шабуылдың арқасында бірінші болып гол жіберіп алдық. Дегенмен жанкүйерлердің қошеметінің арқасында алаңда өзіміздің күшімізге қайта ендік. Өткен ойындарға қарағанда «Шахтер» тегеурінді қарсылық көрсете білді. Ойын тағдырын бірінші таймда шешіледі деп күтпедік. Өйткені матчтың екінші бөлігінде де прессинг арқылы есепті ұлғайтқымыз келді. Алайда таблодағы есепті өзгерту мүмкін болмады. Десек те фанаттарымыздың қолдауы жеңіске деген жігер сыйлады.
«Қайсардың» бас бапкері Виктор Кумыков «Шахтерге» қарсы ойын туралы пікірін білдірді.
Жанкүйерлер көргендей матч өте қиын болды. Қарсыласымыз бірінші болып гол соқты. Қуанышқа орай ойынның бірінші жартысында есепте алға шықтық. Біз бұл ойында қарымта шабуылға көңіл бөліп, нәтиже шығарғанды құп көрдік. Бұл жоспарымыз бірінші таймда жүзеге асып, кездесудің екінші бөлігінде іске аспады. Бірақ жанкүйерлердің үмітін ақтап жеңіске жеттік. Бастысы үш ұпайды олжалап, ұпай санын ұлғайту керек болды.