Kyzylorda-news.kz Отандық танымал журналист, экс-сенатор Дана Нұржігіт Олимпиадаға кеткен спортшылар мен бапкерлерге қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тележүргізуші олардың жарыс жолында жеңіліп қалғаны үшін кешірім сұрауына түбегейлі қарсы екенін жеткізді.
“Сыртта жүріп, қолдан келгенше еңбек еткен азаматтардың үлкен басын кішірейтіп, кешірім сұратуды қою керек. Бұл – популизм. Елге оралғанда кеткен қатені іскерлік ортада сауатты талқылау деген болады. Мынау өз азаматтарымызды тұқырту, жігерін құм қылу! Мұндайға қарсымын”, – деп жазды журналист.
Еске салайық, бокстан Қазақстанның бас бапкері Париждегі сәтсіз нәтиже үшін халықтан кешірім сұраған еді.
"Түсінемін, елдің, жанкүйерлердің біздің жекпе-жектерге көңілі толған жоқ. Сол үшін кешірім сұраймыз. Жалпы ешкім ұтыламын деп келген жоқ. Жігіттердің бәрі барын салып жұдырықтасты. Жақсы дайындықпен келді. Бірақ бір сәттілік жетпеді деп ойлаймын. Бізді жақтады, қорғамады демеймін. Мен ондайға үйренген емеспін. Біз бәрін өзімізден көреміз. Бұйырмай тұр, кем-кетік бар шығар. Сол себепті жеңіске жетпеген шығармыз", – деген болатын бас бапкер.
Одан кейін, Париж олимпиадасында жарыс алаңына шыққан еркін күрес шеберлері Азамат Дәулетбеков пен Мейрамбек Қартбай алғашқы белдесуінде жеңілген еді.
Айта кетейік, бұған дейін денсаулығының сыр бергеніне байланысты Париж олимпиадасына қатысудан бас тартқан қазақстандық теннисші Елена Рыбакина кешірім сұраған еді.
Фото: https://www.instagram.com/dana_nurzhigit/