Ауыр атлетикадан төрт дүркін әлем чемпионы Илья Ильин Шымкентке келіп, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің жастарымен кездесті. Басқосуда спорт шебері өзінің спорттық жетістіктерге жету жолындағы қажырлы іс-әрекеті мен мақсаткерлігін, жігерлі ұмтылысы туралы әңгімелеп берді,  деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Басқосуда зілтемірші өмірде кездесетін түрлі кедергілерді жеңе білу, ұстамдылық пен парасаттылық туралы өзінің көкейге түйген ойларымен бөлісті.«Алдағы уақытта өзімді спорт менеджері ретінде сынап көрсем деймін. Адам бұл өмірде бәріне дайын болуы керек. Үйренуден жалықпаңыздар» деген ол студенттердің сауалдарына да жауап берді. Жастарды әсіресе Илья Ильиннің спорттағы бағындырған белестері қызықтырды. Айта кетейік, еріктілер жылына орай ұйымдастырылған бұл шараның мақсаты жастарды спортқа, тазалыққа, еңбекқорлыққа баулу болды. Сондай-ақ өмірде жетістігі мол тұлғалардың өмір жолын үлгі етіп, жастардың өмірде дұрыс жол таңдауына көмектесу болды. Шара соңында Илья Ильинге жоғары оқу орнының «Құрметті профессоры» атағы берілді. Еске салайық, допинг дауынан кейін додаларға қатыса бастаған әйгілі спортшы жуырда ғана Өзбекстанда ауыр атлетикадан өткен халықаралық чемпионатта топ жарған болатын.

Тағы да оқыңыз: