Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласындағы Евразия спорт кешенінде дзюдодан 2006-2007 жылдары туылған ұлдар, қыздар арасында Қазақстан Республикасының мемлекет және қоғам қайраткері Ілияс Қабыловты еске алуға арналған республикалық ашық турнирдің ашылу салтанаты болып өтті.
Жарысты облыстық дзюдо федерациясының президенті Садық Мұстафаев ашып, мемлекет және қоғам қайраткері Ілияс Қабылов жайында қысқаша баяндады. Сонымен бірге ол дәстүрлі түрде өткізіліп келетін турнирдың маңыздылығына тоқтала кетті. Жарысқа қатысушылардың барлығына сәттілік тілеп, алыс-жақын өңірлерден келген жас спортшыларға ризашылығын білдірді.
Турнирге облыстық дзюдо федерациясының мүшелері, өңірімізде талай чемпион тәрбиелеп жүрген білікті бапкерлер мен спорт ардагерлері қатысты. Сондай-ақ, дүбірлі додада еліміздің 11 облысынан 32 команда, 350-ге жуық палуан ұл, қыздарымыз өз бақтарын сынамақ. Жарыс екі күн жалғасады.
Айта кетейік, Ілияс Қабылов (1904 жылғы 18 қазан, Жалағаш ауданы, Мәдениет ауылы – 1938 жылғы 26 ақпан, Алматы) – мемлекет және қоғам қайраткері. Қазақ АКСР-і Кеңестерінің 9-съезіне қатынасып, Атқару комитетінің мүшелігіне сайланған. Көрнекті публицист, әдеби сыншы, философ ретінде «Еңбекші қазақ», «Советская степь», «Казахстанская правда» газеттерінде мақалалар жариялаған. 1937 жылы жалған жаламен айыпталып қамалған. Кейін, ату жазасына кесілген. 1998 жылы 15 мамырда толық ақталды.