Kyzylorda-news.kz. Бүгін Сырдария ауданының әкімі Мұрат Ергешбаев ауданның спорт саласының дамуына елеулі үлес қосып жүрген, гір көтеруден халықаралық дәрежедегі чемпион Оразбек Медетбаевты қабылдады.
«Сізді аудан абыройын асқақтатқан халықаралық жарыстағы жеңісіңізбен өзімнің және аудан халқының атынан шын жүректен құттықтаймын. Әрдайым аудан атын биіктерден көрсетіп, жас спортшылардан да чемпиондар тәрбиелейтініңізге сенімдімін», – деп ыстық ықыласын жеткізді.
Сонымен қатар, аудан басшысы жеңімпазға сый-сияпат жасап, алғыс хат табыс етті.
Оразбек Медетбаев 1971 жылы қазіргі Сырдария ауданы Ақжарма ауылында дүниеге келген. 2014 жылдан бастап Қызылорда облысының аға жаттықтырушысы, «Алтын гір» иегері, 2 дүркін Украина чемпионы, 2 дүркін қола жүлдегері. Москва қаласында өткен КССРО қарулы күштерінің чемпионы атанған.
2009-2012 жылдар аралығында гір көтеру спорт шеберлері халықаралық федерациясының өткізген Әлем және Европа біріншіліктеріне қатысып, 11 дүркін Әлем, 5 дүркін Европа чемпионы атағын жеңіп алды.
Еуразияның абсолютті чемпионы, Гиннес рекордшысы Оразбек Медетбаев Индия мемлекетінің Нью Дели қаласында өткен әлем біріншілігінде 32 мемлекеттің 400-ге жуық спортшылары арасынан гір көтеруден жүлделі 3 орын алып, ел абыройын асқақтатып отыр.