Kyzylorda-news.kz. Футболдан Қазақстан кубогының топтық кезеңі үшінші турының екінші ойын күні өтті. Бұл кезеңде қызылордалық «Қайсар» командасы тағы да жеңіске жетті.
Жарыс күні Ақтау қаласында жергілікті «Каспий» Қызылорда облысының «Қайсар» командасын қабылдады.
Турнир кестесінде «Қайсар» екі ойыннан кейін ұпай жоғалтпастан көш басында келе жатқан еді. Ал «Каспий» небәрі бір ұпаймен төртінші орынды місе тұтқан.
Бұл кездесуде де қызылордалық футбол командасы жинақы қимыл көрсетті. Нәтижесінде олардың қатарынан Адама Диалло 33, 45-минуттарда мергендік танытып, оның тепкен добы қарсыластың қақпасынан табылды. Алайда «Каспий» сапындағы Руан Телеш 92-минутта бір голмен жауап қайырды. Осылайша, қызылордалық қасқырлар қатарынан үш ойында жеңіске жетіп, тоғыз ұпаймен көш басындағы орнын сақтап қала алды.
Енді 24 шілдеде Түркістан қаласының «Тұран» командасы мен елорданың «Астана» командасы, Орал қаласының «Ақжайық» командасы мен Петропавлдың «Қызылжар» командасы, талдықорғандық «Жетісу» мен Қарағанды қаласының «Шахтер» командасы, Қостанайдың «Тобылы» мен Түркістан облысының «Мақтаарал» командасы, Алматы қаласының «Қайрат» командасы мен Павлодар облысының «Ақсу» командалары ойнайды.