Kyzylorda-news.kz Жақында Египеттің Кипр қаласында өткен Пара-пауэрлифтнигтен жерлесіміз, Қазақстан республикасының ұлттық құрама командасының мүшесі Фариза Қалыбайқызы Әлем чемпионы атанып, мемлекет байрағын биікке желбіретіп қайтты. Жаңарық ауылындағы No167 орта мектебінің түлегі, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Фаризаның бұдан бұрын ел көлемінде өткен Қазақстан Республикасы чемпионатында бірнеше рет үшінші, екінші, бірінші орынды қанжығалап, жүйелі жеңіске қол жеткізуінің арқасында «Үздік спортшы» номинациясын иеленіп, Қазақстан республикасының рекордшысы атағын алғаны белгілі. Ең үлкен жеңіс – Әлем чемпионы болып оралған қызымызға туған жер халқының құрметін жеткізген аудан әкімінің орынбасары Бектас Нуридиновтің лебізі төмендегіше өрілді.
– Ауданымызда 370 спорттық нысан жұмыс жасайды, халықтың 40 пайызы бұқаралық спортпен айналысады. Аймақ басшысының тікелей қолдауымен облыс орталығында ерекше жандарға арналған спорт кешені салынып жатыр. Спорттағы жетістік – бәрінен бұрын жеке тұлғаның табанды ерік-жігеріне, қайтпас қайсарлығына байланысты екенін дәлелдеп, Әлем чемпионы болып оралған Фариза қызымыздың жеңісі – Сыр елінің ортақ жеңісі. Қайсар қарлығаштың қанатын қатайтып, осындай деңгейге жеткізген ата-анасына, бапкеріне рахметтен басқа айтарымыз жоқ, – дей келіп, чемпион қызымызға алқызыл гүл шоқтарын табыстап, ауданның Құрмет грамотасымен марапаттады. Одан әрі балуан қызымыздың қара күштің қасиетін ақылмен бағындырып, бағасын биіктетуіне кәсіби бейімдеп, пара-пауэрлифтинг технологиясының қыр-сырына баулып келе жатқан жаттықтырушы ұстазы Бақытбек Рысбаев сөз алды. Бұған дейін Сыр өңіріне алтын әкелген Илья Ильиннің рекордын жаңартып, Әлем чемпионы атанған шәкіртіне шын жүректен ризашылығын жеткізді. «Бұл атақ – жылдар бойы төгілген маңдай тердің, төзім мен еңбектің арқасы. Фариза – өте намысшыл қыз. Оны талай дәлелдеп жүр. Ауылдан шыққан тұңғыш Әлем чемпионы. Фаризаның бұл биікке қол жеткізуінде ата-анасының ықпалы зор. Осындай азамат тәрбиелеп өсірген ол кісілерге басымды иіп құрмет көрсетемін, - деді ол.
Айтса айтқандай, Фаризаның әкесі Қалыбай ағамыз палуан денелі, соған сай мінезі де тұйық, баяғының батырларындай кесіп бір-ақ айтар, нар тұлғалы кісі. Бала кезінде кеудеде тұншыққан асыл арманын қыз да болса өз қанынан жаратылған перзенті жалғап, жалауын желбіретіп жүргенін көңілге қуаныш санап іштей толқулы. Ал анасы Мейрамкүлдің осы қыз туғалы қабағына кірбің ұяламаса екен деп маңдайынан жел ұшырмаған мейірімді жүзінен шаттықтың лебі еседі. Иә, кісі бойында Тәңірдің тарту еткен таланты он бес пайыз болса, қалғаны табанды ерік пен жігердің, не қиындықты да жеңуге бағытталған таудай талаппен келетіні рас. Осы жолда тас жұтқан тәуекелмен алып шыңды бағындырған Фариза қызымызға аудан халқы атынан жеңісің құтты болсын демекпіз!
Баян ҮСЕЙІНОВА
Фото: Сыр спорты
