Kyzylorda-news.kz. Спорт – денсаулық кепілі. Қашанда осы қағиданы ұстанған қазалылықтар спорттың қай саласында болмасын түрлі жарыстар өткізуді әдетке айналдырған. Қазақстан ғана емес әлемге аты таныс спортшылар туған өлкеде спортқа жаны құмар жастар өсіп келеді. Олардың бірі футболды таңдаса, енді бірі боксты жанына серік еткен. Ал бүгінгі ойын өрнеге тіптен бөлек. Қасиетті Қазалы жеріне облыстың түкпір-түкпірінен жиналған талапкерлер волейболдан бақ сынады.
Қашақбай Пірімов ауылында Қазалы ауданының еңбек ардагері Нартай Кәдірұлын еске алуға арналған волейболдан облыстық ашық турнир басталды.
Ең алдымен көпшілікке жарысқа қатысушы барлық командалар таныстырылды. Олардың қатарында Қызылорда қаласы, Жаңақорған, Шиелі, Сырдария, Арал, Қазалы аудандары және Құмжиек ауылы мен ардагерлер құрамалары бар. Турнирді аудан әкімі Мұхтар Оразбаев ашып, спортшыларға сәттілік тіледі.
«Қазақ халқы қашанда елдік пен ерлікті ұлықтай білген. Ел мерейін көтерген ерлерін құрметтеген. Оның дәлелі ретінде кеше ауданда еңбек ардагері Нартай Кәдірұлының ұрпақтары марқұмның рухына құран бағыштап, ас берді. Ал бүгін Қ.Пірімов ауылында волейболдан ауқымды турнир бастау алуда. Нартай ағамыздың жаны жәннаттық болсын. Жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеймін! Тек мықтылар жеңіске жетсін», – деді аудан басшысы.
Мұнан соң қонақтар Нартай Кәдірұлын 1 минут үнсіздікпен еске алды. Артынша көпшілік Қызылорда қаласы мен Құмжиек командасының ойынын тамашалады.