Kyzylorda-news.kz Облыста соңғы жылдары заманауи үлгідегі жаңа спорт нысандары көбейіп, спортшылар үшін мемлекеттік қолдаудың ауқымы кеңеюде. Соның бірі – 2023 жылы Қызылорда қаласы Тасбөгет кентінде жаңа спорт ғимараты ашылып, нысан №5 облыстық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің теңгеріміне берілді. Жаңа спорт нысанында екі спорт залы, жаттығу залы, емдеу бөлмесі, әкімшілік және киім ауыстыру бөлмесі қамтылған. Сондай-ақ, онда 15 жаттықтырушы 440 спортшыға бірнеше спорт түрлері бойынша жаттығу өткізеді. Атап айтқанда, еркін күресте – 117, таеквандода – 122, қазақ күресінде – 132, каратэде – 69 спортшы қамтылған.
№5 облыстық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебіне қарасты тағы бір спорт кешенінде бокс және дзюдодан 339 спортшы жаттығуда. Оларға 10 жаттықтырушы аталған спорт түрі бойынша жаттығу өткізеді.
Аймақта қарқынды дамып келе жатқан ерекше спорт түрі - байдарка мен каноэде есу спорты. Бүгінде дәл осы спорт түрімен 65 спортшы түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысып, үздіктер қатарынан көрінуде. Аталған спортпен айналысатын спортшылар №5 облыстық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебіне қарасты есу базасында шынығады. Қазіргі таңда онда 5 жаттықтырушы қамтылған.
Сонымен қатар, аталған спорт мектебі Қызылорда қаласындағы №143 орта мектебінің спорт залында әйелдер күресі, еркін күрес және қазақ күресінен қосымша үйірмелер ашып, жұмыс істеуде. Қазіргі таңда онда 3 жаттықтырушы 110 спортшыны кәсіби бағытта үйрету жүр.
Аталмыш спорт мектебінің спортшыларды қолдаудағы жемісті жұмыстарының нәтижесінде 2024 жылы ҚР чемпионаттарында 17 алтын, 14 күміс, 27 қола медаль жеңіп алды. Ал Азия чемпионаттарынан 2 алтын, 2 күміс, 4 қола медаль иеленді.
Фото: Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы