Kyzylorda-news.kz Көшпелілер ойындары аясында «Құсбегілік» спорт түрі бойынша екі күн қатарынан өткен жарыс мәресіне жетті. Тартысты додада отандастарымыз 2 алтын, 1 күміс, 3 қола медаль еншіледі, деп жазады Egemen.kz.
«Бүркіт салу» сайысында бірінші орынды ұлттық құрама мүшесі Серікбек Күнтуған «Алғыр» құсымен иеленді. 2 жаттығу бойынша өткен тартысты бәсекеде екінші орынды «Заңғар» атты құсымен Ерзат Байқадамов жеңді. Ал қола медальді құсбегі Арман Қошқаров «Нарын» атты бүркітімен түйіндеді.
«Қаршыға салу» санаты бойынша «алтынды» «Найзатұяқ» құсымен астаналық Құдайберген Рауилұлы жеңіп алса, Қырғызстан спортшысы – Адильбек Құдайбердиев «Қарамоншақ» құсымен күміспен күптелді. Осы сында тағы бір отандасымыз Бағдат Кеуенов «Сомбалақ» қаршығасымен қола медальға қол жеткізді.
«Ителгі салу» сынында жүлделі екі орынды қырғыз спортшылары Бакыт Шамуратулы және Түгелбай Абдыкадыров өзара бөліссе, қола медаль – ұлттық құрама мүшесі Бақдәулет Бабажанға бұйырды.
Q4 Tulpar Auto компаниясының қолдауымен Құсбегілік федерациясы «бүркіт салу» санатында жеңімпаз атанған Серікбек Күнтуғанға жаңа автокөлік табыстады.
Бұдан бөлек, V Дүниежүзілік көшпелілер ойындары дирекциясының атынан жеке спорт түрлерінде жеңімпаз атанғандарға бірінші орын үшін - 500 мың теңге, екінші орын иеленгендерге - 300 мың теңге, қола жүлдегерге - 200 мың теңгеге арнайы сертификат берілді.
Фото: Ерлан ОМАР, «ЕQ»