Kyzylorda-news.kz.   Сыр топырағынан спорт саласы бойынша талай талант түлеп ұшты. Солардың бірі – белгілі велошабандоз Берік Көпешов. Таспадай тізілген тасжол үстіндегі тартысты бәсекеде талай мәрте топ жарған шебер еліміздің абыройын аспандатты. Қазақ велоспортының дамуына үлкен үлес қосты. Өзінен кейінгі ізбасар інілеріне үлгі болды. Бұл жергілікті бапкерлердің қаншама жыл бойы жасаған жұмысының жемісі десек, әбден жарасады.

Берік жергілікті велоспорт мектебінің есігін алғаш ашқанда жетінші сыныпта оқитын еді. Он төрт жастағы өрен бірден-ақ спорттың қызығына түсіп кетті.

2001 жылы велоспорт мектебіне алғаш келгенде мені жергілікті маман Жетес Сүлейменов қарсы алды. Маған бірден велосипед бере қойған жоқ. Екі айдай уақыт өткеннен кейін тұңғыш мәрте жаттығуға қатысуға мүмкіндік алдым. Стадионды бір айналып өттім. Велосипедті үйге алып кетуге жарты жылдан кейін рұқсат етті. Бұл сәтте мен облыстық жарыста топ жарған едім. Сол жарыста мені Алматы қаласындағы республикалық дарынды балаларға арналған спорт-интернатында еңбек ететін Виталий Штыхлин байқапты. Көп ұзамай аталған спорт-интернатқа қабылдандым, – дейді Берік.

Дарындылар жиналған оқу ордасында ол алты жылдан астам тәлім алды. Онда велотрекке қатысты шеберлігін жетілдірді. Арада бір жарым жылдай өткенде сол сайыс түрінен қалалық жарыста жүлделі орыннан көрінді. 2004 жылы Жапонияның Осака қаласында өткен Азия чемпионатында үздік үштікке ілікті. Ал 2007 жылы Үндістанда жасөспірімдер арасында құрлықтық додада екі жүлдеге ие болды. Алдымен топтық сайыста бірінші орын алса, командалық және жекелей сында екі күміске қол жеткізді.

Сыр өрені халықаралық «Астана» велоклубының жастар құрамында сайыстарға қатысты. Әлем жанкүйерлеріне есімі белгілі Александр Винокуров, Альберто Контадор, Лэнс Армстронг секілді үздіктермен бір командада бақ сынап, шеберлігін шыңдауға күш салды. Алайда 2012 жылы түрлі себептерге байланысты велоспортпен қош айтысты. Сол жылы бапкерлік қызметке бет бұрып, Қызылорда қаласындағы арнайы мамандандырылған велоспорт мектебінде шәкірттерге тәлім берді. Екі-үш жыл елордада қызмет атқарған ол туған топыраққа оралды.

Кезінде өзімнің шеберлігімді шыңдаған спорт мектебіне облыстың аға жаттықтырушысы қызметіне келдім. Нағыз таланттарды іздеп табуға бар күшімізді саламыз. Сырт көзге спорттың бұл түрі оңай көрінетін шығар. Алайда оның қаншама ережесі бар. Баланың қауіпсіздігі де назардан тыс қалмайды. Осылайша велоспортқа келген жас өреннің жоғары биікке жеткеніне дейін қаншама еңбек етеміз. Біз де солай тәрбиеленіп шыққанбыз. Сол жеңісті жолды жалғастырғымыз келеді. Өздеріңіз білетіндей, Қызылорда велоспорт мектебі Әлем чемпионы атанған Марат Сатыбалдиев, Сергей Капустин секілді саңлақтарды тәрбиелеп шығарған. Бұрынғыдай емес, қазір материалдық-техникалық базаны жақсарту бағытында оң істер бар. Кезінде өзіміз салмағы ауыр велосипедпен жаттығу жасайтын едік. Қазір талапқа сай келетін техника саны молайды. Бұл шәкірттердің шеберлігін шыңдауға барынша үлес қосады, – дейді Берік бізбен әңгімесінде.

Әлемде велоспорттан «Tour de France», «Vuelta a España», «Giro d’Italia» секілді беделді бәсекелер бар. Кезінде Беріктің өзі сол айтулы аламандарда бақ сынауға мүмкіндік алды. Спортшы үшін бұдан артық сенім жоқ болса керек-ті. Ендігі кезекте сол биіктен өз шәкірттерін көргісі келеді.

 Шәкірттерімнің шеберлігін шыңдауға әрдайым назар аударамын. Бұған үлкен еңбекқорлық қажет. Толағай табыс оңайлықпен келмейді. Оған шыдамдылық, жанкештілік, жауапкершілік талап етіледі. Әрине, спортқа жаңа келген жас өрен көп нәрсені түсіне бермеуі мүмкін. Оның мүмкіндігіне қарай велоспортқа тәрбиелеген артық емес. Қай кезде де біздің өңірден дарынды жастар шығып келеді. Ел чемпионатында, түрлі сайыстарда топ жарып жүр. Мұндай жастар қашан да елеусіз қалған емес. Мәселен, Аслан Силықбек, Аружан Рақымжан, Анжела Соловьёва сынды шәкірттерім Малайзияда жастар арасында өтетін Азия чемпионатына қызу дайындық үстінде. Жоғары жетістікпен оралады деген сенімдемін. Оларға қолдау көрсетіп, демеу болуға тырысамын, – дейді ол.

Дүние жүзінде велоспорт жөнінен Италия, Испания, Ресей, Франция секілді бірқатар мемлекеттер алда тұр. Сан алуан сайыстарда топ жарып жүрген таланттар үлкен еңбектің арқасында зор табысқа жетті. Бұл орайда бапкерлердің біліктілігі, материалдық-техникалық базаның жақсаруы оң әсерін тигізеді. Кейінгі жылдары елімізде көптеген ғимараттар бой көтерді. Нәтижесінде жас велошабандоздар шеберлігін шыңдап, толағай табысқа қол созды.

Астана қаласындағы трекке арналған спорт сарайында қазір әлемдік бәсекелер өткізіледі. Жастарымыз да онда жаттығу жиындарын жасап, шеберлігін жетілдірді. Бүгінде халықаралық деңгейдегі түрлі жарыста топ жарып жүрген велошабандоздар – сол игілікті істің нақты көрінісі. Еліміз велоспорттың дамуы жөнінен әлемде өз орнын еншілеп үлгерді. Бұл бізді қуантады. Ендігі кезекте бапкер ретінде шәкірттерімнің жоғары жетістікке жетуіне үлкен үлесімді қоса беремін деп ойлаймын, – дейді Б.Көпешов.
 

Тағы да оқыңыз: