Kyzylorda-news.kz. Таңғы жаттығу мен жүгіруді күн сайын қалт жібермейтін бұл спортшыны сырдариялықтар жақсы біледі. Саламатты өмір салтын ұстану бойынша өзгеге үлгі көрсете білетін Бегалы Серікбаевты орталық стадионнан жиі кезіктіреміз. Денсаулықты барынша күте білетін оның басты міндеті – жастайынан жанына серік еткен спортты бір сәтке де тастамау екені айдан анық. Кезекті рет жаттығу жасау барысында жолыққанымызда ол бізге дене шынықтыру мен спортқа байланысты біршама маңызды ақпаратты кеңінен айтып берген болатын.
Күнделікті орталық стадионға жаттығу үшін келетін көпшілікке ақыл-кеңесін аямайтын Бегалы Серікбаевтың биыл 60 жасқа толатындығына ешкім сене қоймас. Дене бітімін қаз-қалпында сақтауға барын салатын кейіпкерім – Тереңөзектің тумасы. Жылдар бойы күрес түрлерімен айналысқан спортшы аудан мерейін тасыта білген. Алғашқы жаттықтырушысы Сұлтан Сексенбаев 15 жастағы бозбаланың томағасын сыпырады. Айта кетейік, Бегалы аға №35 М.Калинин атындағы орта мектептен білім алып, кәсіптік колледждің де шеберханасында шыңдалады. Кейіннен, Отан алдындағы борышын өтеген Бегалы аға үлкен міндетті абыроймен атқарып, туған жерге оралады.
«Біздің балалық кезең небір қызыққа толы еді. Оң-солымызды тани бастаған кезімізде спортпен айналысуға бел будым. Еркін күреспен тұрақты түрде шұғылданғаныммен, сан түрлі күрестің қыр-сырына қанықтым. Тұрақты түрде жаттығуға келетін палуандар арасында бәсекелестік жоғары болатын. Тек аудандық жарыстардан топ жарған спортшы ғана облысқа жолдама алатын. Өз кезегінде Жұмабек Дәрменов, Ақылбек Нұрахатов, Жорабек Шамкенов сынды замандастарыммен бірге аудан намысын өз деңгейінде қорғай білдім. Күресті жаныма серік ете жүріп, кросс жүгіруге дағдыландым. Расында, әлі күнге дейін жүгіруді тастаған емеспін. Таңғы жаттығу жасау – мен үшін үйреншікті әдетке айналған», – дейді кәсіби спортшы.
Негізінен, Бегалы Серікбаев 40 жылға жуық уақытын ұстаздық қызметке арнап келеді. Әскерден оралған жас спортшы Сырдария ауданы Асқар Тоқмағамбетов ауылындағы білім ошағына жұмысқа орналасады. Әсілінде, теориялық білімді тереңнен игеру үшін ұлағатты ұстаз Қарағанды қаласындағы педагогикалық институтқа оқуға түседі. Сарыарқа төрінде дене шынықтыру пәні бойынша үздік оқытушылардан тәлім алған ардақты жан сол кездегі №36 А.Жданов атындағы орта мектепте қызмет ете бастайды. Кейіннен, өзі білім алған қарашаңырақ – №35 М.Калинин атындағы орта мектепке ауысады. Мұнда 5 жыл халық баласына білім беріп, жан-жақты спортқа баулиды. Бір жылдары жеке кәсіпкерлікпен айналысқан Бегалы аға еңбекпен тапқан нанның қадірін жақсы біледі. Осы күні №210 О.Әбілпаттаев атындағы орта мектепте оқушыларға сабақ беретін Бегалы Серікбаев өз ісінің шебері десек, қателеспейміз.
«Иә, ауданға қарасты 4 білім ошағында еңбек ете білгеніме қуаныштымын. Оқушы алдында үлгілі болу мақсатында ерік-жігерімді спортқа арнап келемін. Күнделікті жүріп, жүгіріп дағдыланбаған адам әуелі ерте тұрып қарапайым дене жаттығуларын жасау арқылы денсаулықты қалыптастыру керек. Ең алдымен, жаттығу жай жүруден басталады. Содан кейін адам 100 және 200 метрге жүгіруге ауысып дағдылануға болады. Жаттығуға қалыптасқан кезде 200 метр жүгіріп, 100 метр жүруге машықтанған дұрыс. Толықтай жаттығу мен жүгіруге ағза қалыптасқан уақытта таңғы ұйқыдан емін-еркін оянуға мүмкіндік туады. Жаз мезгілінде таңғы 4.00-де жүгіруге шығамын. 15-18 минутта үлкен көпірге барып, осынша уақытта стадионға келемін. Содан кейін 1 сағат бойы бірнеше жаттығу жасаймын», – дейді білікті маман.
Қазіргі уақытта орталық стадионда таңғы және кешкі жаттығу жасайтын жандар қатары көбейген. Жақында халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» ҚБ Сырдария аудандық филиалының төрағасы Шаһарбек Нұрсейітовтің демеушілігімен орта және аға буын өкілдері арасында спорттық жарыс ұйымдастырылған. Аталған жарыстың талапқа сай өтуіне Бегалы Серікбаев өзіндік үлесін қосты.
Негізінен, ұлағатты ұстаз жаңартылған білім мазмұны бойынша жас мамандарға бағыт-бағдар беріп келеді. Ұстаздық қызметте зор тәжірибе жинақтаған ардақты ағаның зайыбы – Жанар Нағызханқызы да педагогика саласының білікті майталманы. Отбасындағы 4 ұл, 1 қыздың аяулы анасы математика пәні бойынша жас өрендерді қажетті білім нәрімен сусындатып келеді.
«Шын мәнінде, осы спорт саласында жүріп, көптеген жетістіктерге қол жеткіздім. Президенттік көпсайыстан жүлделі орындарды алған сәттерім әлі есімде. Күнделікті білім саласында сан түрлі өзгерістер орын алады. Әркез оқушыға сабақ беруге мұқият дайындықпен барамын. Денсаулықты күтіп ұстаудағы ұстанатын қатаң ережелерді жастарға айтуға жалықпаймын. Анығын айтқанда, 45 минут ішінде бала ұстаздан өзіне керекті білімді ала білген жөн», – дейді ұлағатты ұстаз. Қай кезде де денсаулықтың қалыпты жағдайда болуына аса мән беретін Бегалы Серікбаевтан жас ұрпақтың әлі талай үйренері көп деп білеміз. Ардақты аға, ақылман ұстаздың еңбегі барынша елене берсін демекпіз.