Kyzylorda-news.kz Қалалық кітапханалар жүйесіне қарасты №20 кітапхананың ұйымдастыруымен қазақтың ұлтық ертеден келе жатқан асық ойындарының бірі «Хан талапай ұлттық ойын» атты балалар сағаты өткізілді.
Ұлттық ойындары ұғымы – әр халықтың төл дүниетанымынан, жағырапиялық жағдайларға бейімделуінен, ел мен жерді сыртқы жаудан қорғау дайындығынан негізгі ақпар береді. Бағзыдан бері сайын дала төсінде мекендеген сан алуан тайпалар мен мемлекеттердің бүгінгі мұрагері қазақ халқының күнделікті өмір салтында ойын әрекеттерінің орны қашанда ерекше болған. Ұлттық ойындар қазақ халқының өмірінде үлкен маңызымен қатар алуан түрге ие болуында. Ең қызығы кішкентай балалардан ересек адамдарға дейін қатысып ойнайтын сан алуан ойын түрлері бар. Қазақтың ұлттық ойындары жалпы сипатына ең негізгі бес түрге бөлінеді. Бір ескерер дүние, бұл бес ойын түрі түркі тектес халықтардың барлығына ортақ десек те болады. Соның бірі тоғызқұмалақ ойыны.
Ойын тәрбие құралы арқылы ақыл-ойды кеңейтеді, тілді ұстартады, сөздік қорды байытады, жақсы ұғысады және өзінің денсаулығын нығайтады. Халқымыз ойындарға тек балаларды алдандыру ойнату әдісі деп қарамай, жас ерекшеліктеріне сай, олардың көзқарастарын, мінез-құлықтарын қалыптастыру құралы деп те ерекше бағалаған. Ойынды сабақта қолдану оқушының ой-өрісін жетілдіру мен бірге, өз халқының асыл мұраларын бойына сіңіріп, кейінгі ұрпаққа жеткізе білу құралы деп білген. Бос уақытта әртүрлі ойындар ойнаған баланың денсаулығы үшін өте пайдалы. Жастардың ұлттық сана-сезімнің дамуында қазақтың ұлттық ойындарының алатын орны айрықша.
Шараға Абай атындағы дарынды балаларға арналған мектептің 6 сынып оқушылары қатысты. Халқымыздың тарихы тым ұзақ әрі дәстүрге бай. Халқымыздың тіршілік тәсілі негізінен мал шаруашылығы болғандықтан, еңбек әрекетіне сай ұлттың өзіне ғана тән салт- сана, әдет- ғұрып қалыптастыра білгендіктен, ұлттық ойындарымыз да басқа ұлттан өзгеше, бояуы анық, бай мазмұн мен түрлерге ие. Бұлай деуімізге себеп, ежелгі ойын түрлеріміз – «Жақ лақтыру», «Мұнданақ», «Атаман доп» сияқты т.б. көптеген 150 жуық ойын түрлері болған. Олардың барлығы дерлік балалардың ойын жетілдіруге, денсаулығының қалыпты болып өсуі мен еңбекке араласуына үлкен септігі тиеді.
Мәселен, «Тоғызқұмалақ» – ең ежелгі ойындардың бірі. Ертеде өмір сүрген малшылардың отаулар мен екі қазанды үлкен ойықтары тоғызқұмалақтың осыдан төрт мың жыл бұрын жасалғандығын ғалымдар нақты дәлелдеп отыр. «Тоғызқұмалақты» қойшылар ойыны дейтіні – таңнан кешке дейін табиғат аясында қой баққан қойшылар уақыт өткізу үшін шұңқыр қазып, оған қойдың кептірілген 162 құмалағын салып ойнайтын болған. Әрине, «Тоғызқұмалақ» – зияткерлік ойын. Сондықтан шығар бұл ойынды қазақтың небір көрнекті тұлғалары құмарта ойнаған. Олардың қатарында Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбайұлы, Мұхтар Әуезов, Қалибек Қуаншыбаевтар бар. Кеңес үкіметі жылдары «Тоғызқұмалақты» ұрпаққа аса қажетті құндылық деп дәлелдеп, Қазақстан Коммунистік Партиясы Орталық Комитетіне ашық хат жолдап қорғап қалған қазақ өнерінің майталмандары Кәукен Кенжетаев пен Рашид Абдуллиндер еді. 1906 жылы Ресейдің этнограф ғалымы Н.Пантусов Қазан қаласында «Тоғызқұмалақ» туралы алғаш мақала жариялады. Ал «Тоғызқұмалақ» ойыны туралы 1936 жылы тұңғыш кітап жазған – қазақтың әйгілі лингвист ғалымы Сәрсен Аманжолов еді. «Тоғызқұмалақ» - қазақ халқының баға жетпес рухани қазынасы. Бұл ойынының тарихы тым ілкіде жатыр. Қазіргі күні «Тоғызқұмалақ» әлемнің көптеген мемлекеттеріне кеңінен танымал. Атап айтқанда, Ұлыбритания, Швейцария, Франция, Германия, Испания, Түркия, Чехия, Ресей, Украина, Қытай, Моңғолия, Қырғызстан, Колумбия елдерінде сан мыңдаған адам «Тоғызқұмалақ» ойнауда. «Тоғызқұмалақ» ойыны НЗМ (Назарбаев Зияткерлік Мектебі) бағдарламасында бар екендігі, сондай-ақ осыған байланысты интернеттік бағдарламалар жасалғандығын да айта кетсек болады. Ұлттық ойындардың қалыптасуына қандай да бір жағдай түрткі болды деуге бола ма? Сенімді түрде солай деп айтуға әбден болады.
Бағзы бабаларымыз жылқыны қолға үйретіп қана қоймай, сауып сусынға, жаратып бәйгеге қосқан. Азаматтарымыз ат үстінде «Көкпар» тартып, аударыспақ ойнаған. Сонымен бірге ат үстінде «Шөген» ойынын ойнаған. Шөген – түркі тектес тайпа-ұлыстарда, соның ішінде қазақтарда ежелгі замандарда кең тараған спорттық ойын. Ойнаушыдан аса шеберлік пен ептілікті қажет ететін бұл сайыс түрі күні кешеге дейін қазақ халқында ұлттық ойын ретінде қолданылып келген. Өкінішке қарай, бұл ойын түрі қазір түркі дүниесі елдерінде де, қазақ халқының да кейінгі ұрпақтарының есінде мүлде ұмыт болды. Мұның басты себебін, қазақтар мен өзге түркі халықтарының ұзақ уақыт бойы бодандықта болуымен түсіндіруге болады.
«Шөген» ойынын еске түсіретін ат спорт түрі бұл күндері Еуропадан кездеседі. Ағылшын ақсүйектерінің сүйікті әрі машықты спорт ойынынның бірі – «Поло» ойыны. Поло ойыны бүгінгі қазақтарға тек теледидар арқылы ғана жақсы таныс. Яғни, ат үстінде доп таяқпен доп қуалап ойнайтын бұл ойынды «ат хоккейі» деуге де болады. Бұл «ат хоккейді» біздің ата-бабаларымыз да сүйіп ойнаған. Оған көне түркі мұралары, атап айтқанда Махмұд Қашқаридің, Жүсіп Баласағұнның еңбектері куә болады. X-XI ғасырлардағы түркі халықтарының ежелгі мұраларында «Шөген» ойыны туралы нақты деректер бар. Жүсіп Баласағұни өзінің «Құтты білік» дастанында «Елшілер қандай болу керектігі туралы баяндалатын» тарауында осы шөгенді айтып өтеді. Елші тілге шебер, шешен, әдепті, зерелі алғыр болуы керек, әрі шахматты, шөгенді жақсы ойнауы тиіс дейді. Сонымен қатар, Махмұд Қашқаридің «Түркі сөздігі» кітабында шөгенді ат үстінен арнайы имек таяқпен доп қуалап ойнайтын спорт түрі деп атап өтеді.
Шара барысында оқушыларға ойынның ережесі түсіндіріліп екі топқа бөлініп ойнатылды. Сонымен қатар дене шынықтыру пәнінің ұстаздарына еліміздің намысын әлемдік деңгейге көтеріп жүрген белгілі спорт жеңімпаздарының өмірі мен еңбектері туралы жазылған кітаптар туралы мағлұматтар берілді. Ұлттық ойынды насихаттау мақсатында өз үлесін қосып жүрген ұстаз Абдраманов Дулат Бекмаханұлы бұндай шаралардың әлде де жалғасын тауып ұйымдастырылу керектігі жөнінде өз ойын айтып алғысын білдірді. Шараның мақсаты өскелең ұрпаққа ұлттық ойынды насихаттау арқылы ұлттық құндылықтарымызды түсіндіру, ұлтжандылыққа тәрбиелеу.
Қорлан САРЫ
Фото: 365info.kz