Kyzylorda-news.kz. Қазіргі таңда еліміздегі дамып келе жатқан ережесіз жекпе-жектің бір түрі – панкратион спорты. Негізінен, тұтастай панкратион спортының элементі жұдырықтасу мен күрес, жекпе-жек түріне кіреді. Жауынгерлік санатқа жататын спорт көпшілік арасында аса танымалдылыққа ие болмағанымен, онымен шұғылданатын жандар қатары аз емес. Мәселен, еліміздегі үздік ауылдардың бірегейі саналатын Нағи Ілиясов ауылында осы спортты жанына серік еткен жеткіншектер көптеп өсіп келеді.
Облыс әкімінің «Сыр үміті» жастар сыйлығының иегері Бағлан Мығымбаев шәкірт тәрбиелеуде өзіндік шеберлігін байқатуда. Күнделікті баланың бос уақытын құр жібермей, спортқа баулу нағыз жанкештілікті қажет етеді. Білікті де білекті бапкердің панкратионмен айналысып келе жатқанына 11 жыл болған. Алғашқыда кәсіби маманды қос бірдей жол нұсқаушысы Еркінбек Жүсіпбеков пен Ербол Байназаров спортқа әкелген. Аз уақыт ішінде тәжірибесі толысқан ол туған жерінде ерекше спорт түрінен арнайы үйірме ашады. Мұнда аптаның 6 күнінде 40 бала үздіксіз жаттығып, жақсы нәтиже көрсетуде.
– Ертеректен әлем елдері арасында «достық көпірі» саналатын спортпен айналысқан жандар биік тұғырдан көрініп жатады. Осы уақытта панкратион спортына айрықша көңіл бөлінуде. Біздің саңлақтарымыз көптеген байрақты бәсекеде бәсі жоғары болып, жеңіске жетуде. Негізінен денені шынықтыруға, әдіс-тәсілді сауатты меңгеруге ұзақ уақыт керек. Сондықтан біз баланы 6-16 жас аралығында қабылдаймыз. Әрбір жеткіншекке жоғары талап қоямыз. Себебі, кез келген спорт залда олардың қарсыласы тынбай еңбек етуде. Әрине, дамылсыз жаттығудың арқасында шәкірттеріміз Әлем және ішкі біріншілікте топ жаруда, – деді білікті бапкер.
Оның шәкірті Әмірхан Балғабай ҚР кубогының иегері атанған. Ал ҚР чемпионатында ІІІ орынды Сағындық Тұрғанбай мен Әли Ешпанов еншілеген. Бізбен сұхбаттасуға Бағлан Әнапияұлы жақында Қонаев қаласында өткен ҚР чемпионатында ІІ орын иемденген Мұхамедәлі Алдабергенмен бірге келіпті. Түймебай Айтбаев атындағы №132 орта мектепте 7 сынып оқитын оқушы 5 жыл бойы жаттығудан бір сәтке қалған емес. Оның басты арманы – әлем шыңын бағындыру.
– Жарыс жолына шыққан уақытта бойымызды жинап, жаттығуда көрсетілген әдіс-тәсілді қолдануға тырысамыз. Оң жамбасымызға келе бермейтін қарсылас тап болып жатады. Соқыр жеребеге кезігіп, мықты қарсыластан айла асыруға барымызды саламыз. Жақында ел біріншілігінде топ жарғаныма дән ризамын. Қашанда бапкердің айтқан ақыл-кеңесін назарға алып, жеңіске бір табан жақындаймын, – деді спортшы.
Бағлан Мығымбаев Болашақ университетінде спорт мамандығы бойынша білім алған. Бүгінде өзінен кейінгі 2 інісі мен 2 ұлына үнемі бағыт-бағдар беріп отырады. Жүрегінің түгі бар спортшы біткенді дайындайтын бапкер астықтан тау тұрғызған ауылды чемпиондар мекеніне айналдырмақ.