Kyzylorda-news.kz   Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында: «Халықтың денсаулығын жақсарту мәселесі айрықша назар аударуды талап етеді. Барлық жастағы ел азаматтары арасында бұқаралық спортты дамыту маңызды. Спорт инфрақұрылымдарының балалар үшін барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық дене шынықтыруды өркендету ісі жаңа чемпиондар шыңына шығатын пирамидаға айналуы тиіс. Бұл саламатты әрі белсенді жастардың, түптеп келгенде, қуатты ұлттың негізін қалыптастырады» – деп атап өткен еді.

Қазалы ауданы бойынша білім бөлімінің ұйымдастыруымен 11 қараша – 30 наурыз күндері аралығында білім қызметкерлері арасында спорттың бұқаралығын арттыру, Президент жолдауын одан әрі ілгерлету, дене шынықтыру және спорт арқылы саламатты өмір салтын қалыптастыру, мұғалімдер арасында спорт түрлері бойынша аудан құрама командасын жасақтау мақсатында «Сұлтан Бейбарыстың туғанына 800 жыл толуына» орай білім қызметкерлерінің аудандық спартакиадасы өтті.

Жарыс бағдарламасында жоспарланған іс-шара бес айға созылып, спорттың 10 түрінен, яғни, кіші футбол, волейбол, баскетбол, тоғызқұмалақ, шахмат, үстел теннисі, дойбыдан, гір тасын көтеру, қол күрес және арқан тарту жарыстары бойынша бәсекеге 800-ден астам білім қызметкерлері қатысты.

Спартакиаданың қорытындысымен жалпы командалық есепте жеңімпаз және жүлдегер атанған мектептер Аудандық білім бөлімі мен білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы комитетінің дипломымен, арнайы кубоктармен марапаттады.

Тағы да оқыңыз: