Kyzylorda-news.kz Мүгедектігі бар жандардың спортпен шұғылдануына мүмкіндік жасау үшін былтыр облыста «Арбадағы теннис» спорттық секциясы ашылған болатын. Қазіргі таңда бұл үйірмеде 1 жаттықтырушы 11 спортшыға теннистің қыр-сырын меңгертіп, кәсіби түрде жаттықтыруда.
Арбадағы теннистің белсенді спортшысы – Айша Айтпенбетова 2019 жылдан бері спорттың бірнеше түрінде өнер көрсетіп келеді. Ол арбадағы биден халықаралық және республикалық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Кейіннен арбадағы тенниске қызығушылығы артып, былтырдан бері осы бағытта жаттығып жүр.
«Қазіргі таңда облыстық мүгедектер қоғамында жұмыс істеймін. Өзіммен бірге мүмкіндігі шектеулі азаматтармен бірге бірнеше спорт түріне қатысып жүрміз. Соның ішінде арбадағы теннис – ең қызықты әрі дене қозғалысына пайдалы спорт түрі. Сондықтан да арбадағы биден бөлек, арбадағы теннистен де өзімді сынап көргім келеді. Жақында ашылған секцияда 11 спортшы бар. Барлығымыз теннис орталығына келіп, күнделікті жаттығу жасап, өз арамызда жарыстар ұйымдастырып тұрамыз. 25 қаңтар күні алғаш рет арбадағы теннистен жарыс өтті. Алдағы уақытта дәл осы спорт түрі арқылы әлемдік деңгейдегі жарыстарға қатысқым келеді. Тірек-қимылы бұзылған жандарға айтарым, қай салада болмасын белсенді болуымыз керек. Спортқа қатысу арқылы қоғамда өз орнымыз қалыптасады. Сондықтан, арнайы ашылған спорттық үйірмелерге келіп, белсенділік танытайық!», – деді Айша Айтпенбетова.
Фото: Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы