Kyzylorda-news.kz.  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық спортты дамытуға арналған кешенді бағдарлама қабылдау керектігін айта отырып: "Ұлт денсаулығын бекемдеу мәселесі де өте өзекті. Барлық жас санаты арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттай беру керек. Балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық спортты дамыту – пирамидаға айналуы қажет. Оның басына чемпиондар шықса, оның негізінде біз сау әрі саналы ұрпақты, мықты ұлтты қалыптастырамыз" деген болатын.

Бүгінде осы бағыттағы ауқымды жұмыстар еліміздің әр аумағында жүзеге асып, соның нәтижесіне қол жеткізіп отыр. Соның ішінде ауданда да салуатты өмір салтын ұстануға бейім, спортты жанына серік еткен жастардың қарасы өте көп. Олар қазірдің өзінде спорттың қай түрінен болмасын жеңіске жетіп, ауданның абыройын асқақтатып келеді.

Аралдық өрендердің мерейі өскен спорттық жарыстың бірі жақында көршілес Қырғызстан Республикасы Ыстықкөл ауданында өтті. Жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында шахматтың Рапид түрінен қаладағы №62 мектеп-лицейдің 6 сынып оқушысы Ақылжан Мейіржанұлы айды аспанға шығарды десек болады. Өзбекстан, Индия, Ветнам сияқты Азияның 11 елінен қатысқан шахматшылар арасынан өзінің шеберлігі мен біліктілігін анық көрсете білген Ақылжан Азия біріншілігінің күміс жүлдесін иеленіп қайтты.

Бұл жерлесіміздің жалғыз жеңісі емес. Осыған дейін талай биікті бағындырған мақтанышымыз наурыз айында жасөспірімдер арасындағы ел чемпионатында жеңімпаз атанса, Грузияның Батуми қаласындағы шахмат турнирінде әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған шақпақ тақташылар арасында үздік ондыққа кірген болатын.

Жерлесіміз жеңісті жолдан таймай, ауданның, елдің абыройын асқақтата берсін дейміз.

Жергілікті споршылардың жетістігі мұнымен ғана шектеліп қалмақ емес. Өткен аптада Арал жұртшылығын қуанышқа бөлеген тағы бір спорт жаңалығы Шымкент қаласы, Қазығұрт ауданынан келіп кетті. Қай уақытта да жекпе-жектен жауырыны жер иіскемей келе жатқан жеңімпаз жерлестеріміздің жеңісті жолын жалғаған жастар "6 шілде – Астана күні" қарсаңында Қазығұрттағы жасөспірімдер мен юниорлар арасындағы ҚР чемпионатынан екі бірдей жүлдемен оралды. Нақтырақ тоқталар болсақ 67 кг салмақ дәрежесінде сынға түскен Серікбай Бақытжан қола жүлде иегері атанса, 45 кг салмақ дәрежесінде бақ сынаған Ернұр Әбжәмиев қарсылас шыдатпай алтыннан алқа тақты.

4cdcdf2b-8e8c-4c16-9b19-ae1a08638563.jpg

Тағы да оқыңыз: