Kyzylorda-news.kz. Елімізде дене шынықтыру және спорт саласы бойынша халықтың салауатты өмір салтын ұстануы мақсатында атаулы сала бойынша біршама жұмыстар атқарылып келеді. Иә, «Дені саудың – жаны сау» демекші, қай елде болмасын спортқа аса назар аударып, халық денсаулығына жауапкершілікпен қарайды. Бүгінгі тақырыбымызға осы аудан көлеміндегі спорт саласының деңгейі арқау болып отыр.

Айдынды Арал өлкесінде спорт саласы қарқынды дамып келеді

Еліміздің әр өңірінде спортшыларға барынша мүмкіндіктер қарастырылғаны белгілі. Сонымен бірге спорттың қай түріне болсын қызығушылық білдірген жастар қалаған жаттығу түріне бара алады. Тағы айта кетерлігі, футбол, баскетбол және басқа да спорт түрлеріне арнайы ойын алаңдары салынған. Статистикалық есеп бойынша ауданда 239 спорт объектісі тіркелген. Яғни, 2 спорттық кешен, 1 стадион, сондай-ақ  55 спорт зал, 14 бейімделінген спорт бөлмелері, 4 спорттық ату тирлері мен 171 жазықтағы спорт алаңдары бар.

Жас спортшылар жетістігі елді сүйсіндіреді

Аудан абыройын асқақтатып, біршама жетістіктерге жетіп жүрген спортшыларымыз да жоқ емес. Олар аудан, облыс, республика көлемінде бақ сынап, жүлделі орындарға ие болып келеді. Жыл басынан бері ауданның спортшылары біршама жетістіктерге қол жеткізді. Қазақстан Республикасының ресми (ҚР чемпионаттары мен біріншіліктері) жарыстарында аудан спортшылары 49 медальға ие болды. Оның 10 алтын, 19 күміс, 20 қола. Оның ішінде әмбебап жекпе-жектен жастар арасында өткен Әлем чемпионатында 1 күміс және 1 қола және грек-рим күресінен жасөспірімдер арасында өткен Азия чемпионатында 2 алтын. Сонымен бірге Арал ауданында волейболдан 2008-2009 жылдары туған жасөспірімдер арасында белгілі спортшы Асқат Ахановты еске алуға арналған республикалық турнир өтті.

Ауданымызда XXI мәрте өткізіліп жатқан турнирде Шымкент қаласы, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Түркістан, Қызылорда облыстарынан келген спортшылар бақ сынады. Бокстан 2007-2008 жылдары туған жасөспірімдер арасында Жалдыбай Нұрпейісовті еске алуға арналған республикалық турнир өтті. Республикалық дәрежеде IІ мәрте өткізіліп отырған турнирде Алматы, Атырау, Ақтөбе, Қостанай облыстары және Қызылорда қаласы мен аймаққа қарасты аудандардан арнайы келген 150-ге жуық жасөспірімдер 15 салмақ дәрежесі бойынша бақтарын сынады. Еркін күрестен 2008-2009 жылы туған жасөспірімдер арасында спорт шебері Оңдасын Жанесеновті еске алуға арналған республикалық турнир өткен болатын. Оныншы мәрте ұйымдастырылып отырған республикалық турнирде Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, және Қызылорда облыстарынан келген 250 жасөспірім 17 команда құрамында 12 салмақ дәрежесі бойынша боз кілемде бақтарын сынады.

Мерейлі мерекеде атқарылған жұмыстар да жетерлік

Қаланың 95 жылдығы аясында барлық дерлік сала бойынша түрлі іс-шаралар өткізілген болатын. Айтулы мерекеден спорт саласы да қалыс қалмады. Арал қаласында 2022 жылдың 23 қазанында Республика күні мен Арал қаласының 95 жылдық мерекесі аясында республикалық ат бәйгесі өткен. Арал ауданы әкімдігінің жүлдесін жеңіп алу үшін әр өңірден келген шабандоздар жалдарынан жел есіп, атқан оқша зулаған сәйгүліктерінің қарымын осы дүрмекте сынап көрді. Барлығы 40-қа жуық сәйгүлік қосылған дүбірлі дода – тай жарысы, құнан, аламан бәйге болып үш топқа бөлініп өткізілді.

Еңбегі елеулі жаттықтырушы

Халқымыз әрдайым үлкендерден өнеге алып, сол кісілер салған жолмен жүретіні анық. Осы тұста балаларды спортқа баулып, еңбегі сіңген тұлғалар да жетерлік. Соның бірі – Жалдыбай Нұрпейісов. Ол зейнетке шыққан кезінен бастап, өмірінің соңына дейін  Арал аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде бокс жаттықтырушысы қызметін атқарды. Өңіріміздің талантты спортшыларын баптап, республикаға танымал боксшылар етіп тәрбиелеп   шығарды. Белгілі бапкерден тәлім алған төрт шәкірті спорт шебері болса, 15-і осы атаққа үміткерлігін қорғады.

Балалар жылы аясында ауқымды жұмыстар атқарылды

Аудан әкімінің кубогі үшін өткен Балалар жылына орай ұлттық жекпе-жек түрінен балалар мен жасөспірімдер арасында өткен жарыста жергілікті спортшылардан бөлек, Қызылорда, Түркістан облыстары мен Атырау, Ақтау, Ақтөбе қалаларынан келген балалар мен жасөспірімдер бақ сынады.  Аталмыш турнирдің ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары К.Бержанов қатысып, жас спортшыларға сәттілік тіледі. Ауданда үшінші мәрте ұйымдастырылған турнирде 2013-2014, 2011-2012 жылы туған балалар мен 2007-2008, 2009-2010 жылы туған жасөспірімдер 32 салмақ дәрежесі бойынша 300-ге жуық спортшы сынға түсті. Өткен 2022 жылдың 25 қараша күні №71 орта мектептің спорт залында аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен гір спорты мен қол күрестен ересектер мен оқушылар арасында аудандық ашық турнир өткізілді. Турнирге жалпы 150 спортшы қатысуға ниет білдірді. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлерін Арал аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің арнайы медаль, грамоталарымен марапатталды. Сонымен қатар Балалар жылына орай аудан көлемінде өткізіліп жатқан іс-шараларға үн қосу және жасөспірімдерді батылдыққа, ептілікке, ел қорғайтын батырлыққа, ұлттық салт-дәстүр мен рухани байлықты сақтауға бейімдеу мақсатында Арал ауданы Сексеуіл кентінде өткен еркін күрес жарысында 12 салмақ дәрежесі бойынша 166 спортшы қатысуға ниет білдірді. 

Мекеме қызметкерлері де спорттан қалыс қалмады

Елімізде 2022 жылдың қазан айының соңғы жексенбісі әлеуметтік қызметкерлер күні болып бекітілген. Қазіргі таңда ауданда әлеуметтік қорғау жүйесін дамытуда 101 қызметкер жұмыс жасауда. Кәсіби мерекеге орай әлеуметтік қорғау жүйесінің қызметкерлері арасында спорт түрлерінен жарыс өткізілді. Аудандағы әлеуметтік қызметкерлер спорттың волейбол, арқан тарту, гір көтеру, асық ату, бес тас, қол күрес және эстафета түрлерінен өзара бақ сынасты.

«Бәріміз бірдейміз, бөлінуді білмейміз!»
Халықаралық зағиптар күніне орай дойбыдан мүмкіндігі шектеулі жандар арасында аудандық жекелей біріншілігінде 15-ке жуық ерлер мен әйелдер бақ сынасты.

Тағы да оқыңыз: