Kyzylorda-news.kz Үстіміздегі жылдың 25-30 қараша аралығында Түркия мемлекетінің Анталья қаласында өткен UNIFIGHT спорт түрінен жасөспірімдер, жастар және ересектер арасындағы Әлем чемпионатында аудан спортшылары жүлделі орынға ие болып, еліміздің абыройын тағы бір мәрте асқақтатқан болатын.
Атап айтар болсақ, 70 кг салмақ дәрежесі бойынша Қуандық Ғалымұлы І орынды еншілесе, 60 кг салмақ дәрежесі бойынша Мансұр Өтебай, 55 кг салмақта Жансүйен Мұхтарұлы және 45 келіде Нұрислам Серікбай жүлделі ІІ орынға табан тіреді. Ал 50 кг салмақ бойынша Диас Ғалымжанұлы ІІІ орынды иеленді. Бұл спортшыларды баптап жарысқа қосып жүрген Фараби Сауытбаев та ересектер арасындағы жарыста 60 келі салмақ дәрежесі бойынша жүлделі ІІ орынды еншіледі.
Бүгін сол спорт саңлақтары туған жерге табан тіреп, тілекші жанкүйерлермен қауышты. Спортшыларды аудан әкімінің орынбасары Н.Бохаев бастаған бір топ ел азаматтары қарсы алып, жеңіс тұғырына жайғасқан жастарды жетістіктерімен құттықтады. Мазмұнды кездесуде ән-жырдан шашу шашылып, жеңімпаздарға деген жылы лебіздер айтылды.
Жастарды ерекше спорт түріне баулып, әлемдік, халықаралық додаларға қатыстырып жүрген бапкер, №19 Арал ауданының олимпиадалық резервтің балалар-жасөспірімдер мектебінің спортшысы Фараби Сауытбаевтың еңбегі ерекше. Спортшылардың табандылығы мен жанқияр еңбегінің арқасында аймағымыздың намысын қорғап, атақ-абыройын арттырып жүрген спорт саңылақтары көбейіп келеді.
Атап өту керек, спортшылардың жарыс алдындағы дайындығына аудандық бюджет есебінен тиісті қаржы бөлінген болатын. Аудан спортын дамытып, ел жастарының жеңіске деген жігерін жануда аудан әкімі А.Оңғарбаев салаға ұдайы қолдау көрсетіп келеді.
Бүгінде бұл спорт түрі ауданымызда айрықша маңызға ие. Қатысам деген жастардың саны көбейіп, қызығушылықтары жылдан-жылға артып келеді.
Фото: Арал ауданы