Kyzylorda-news.kz 2012 жылдың 28 шілдесі. Көгілдір экраннан көз алмай қараған қазақстандықтар дәл осы күні өздерін жеңіп күтіп тұр дегенге сенбеді. Себебі "сайтанарбаның" талай саңлақтары бәсекеге түскен веложарыста Александр Винокуровтың мүмкіндігі жоғары емес еді. Бірақ мәре сызығын 5 сағат 45 минут 57 секундта алғашқы болып кесіп, төбемізді көкке жеткізді. Қазақ елі бұл сәтті естен шығармақ емес.

Алайда осыдан кейін бұл спорт түрінен олимпиадада олжа салған ешкім болмады. Десек те болашақта велоспорттан талай жеңімпаз шығарына сенеміз. Себебі бүгінде Аралда бірнеше жас спорттың осы түрін жанына серік етіп, кәсіби тұрғыда шынығып жүр.

Балғын спортшылардың бапкері Олжас Ідірісов:

– Қызылорда велоспорт кәсіпқой клубы аудандарда балалардың спортпен айналысуына мүмкіндік жасап жатыр. Осыған дейін көршілес Қазалы ауданында бала дайындадым. Ал Аралға былтыр күзде келдім. Нақтырақ 2023 жылдың 3 қазаны күні ауданда Қызылорда велоспорт кәсіпқой клубының бөлімшесі ашылды. Алғашында қыстың қолайсыздығына, арнайы залдың болмауына байланысты аздаған кедергілер болды. Бірақ қазір Рәміздер алаңында балаларды жаттықтырып жатырмын, – дейді.

Бапкер қос дөңгелекке қызығатын жастар көп екенін айтып, олармен жұмыс істеу шабыт беретінін жеткізді. Осыған дейін жастарды спортқа баулуды жете меңгерген Олжастың өзі 1995 жылы Арал қаласында дүниеге келген. Денешынықтыру және спорт мамандығы бойынша білім алып, оқу бітіріп келген соң қаладағы №62 мектеп-лицейде ұстаздық еткен. Кейіннен біз айтып өткен Қызылорда велоспорт кәсіпқой клубына жұмысқа орналып, велоспорттың қыр-сырын терең меңгерген. Білгенін балғындарға үйретуді көздеген ол қазіргі жұмысы жайлы толыққанды айтып берді.

– 2010-2014 жылдары туған жастарды қабылдап жатырмын. 15-тей бала күнделікті жаттығып, жетіліп қалды. Тіпті жарыстарға барып жүр. Ашылғанына жыл толмаса да жетістіктері көңіл қуантады. Қыстық жаттығу түрлерінен сынға түскен Азамат Батуханұлы күміс, Дінислам Қуанышұлы қола жүлде еншілеп үлгерді, – дейді.

Алдағы жоспарымен бөліскен Олжастың мақсаты айқын. Тек санаулы баламен шектеліп қалғысы келмеген бапкер жақында 2015 жылы туған балаларды да топқа қосып, олармен де жетістікке жетуді көздейді.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев "Халықтың денсаулығын жақсарту мәселесі айрықша назар аударуды қажет етеді. Барлық жастағы ел азаматтары арасында бұқаралық спортты дамыту маңызды. Спорт инфрақұрылдарының балалар үшін барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық денешынықтыруды өркендету ісі жаңа чемпиондар шыңына шығатын пирамидаға айналуы тиіс. Бұл салауатты әрі белсенді жастардың, түптеп келгенде, қуатты ұлттың негізін қалыптастырады" деген болатын. 

Бұқаралық спортты дамытуды алдыңғы кезекке қойған елімізде қолдау мен мүмкіндік бар. Ал спортқа жаны жақын жастар тіпті көп. Тек осы екеуін ұштастырып, балалардың қызығушылығы мен жасалған жағдайды тиімді пайдаланса талай әлемдік додада көк Туымыз желбірейтіні анық.


Оңталап ЖОЛДАСОВ

Тағы да оқыңыз: