Kyzylorda-news.kz.  Қызылорда қаласында Ғ. Мұратбаев атындағы орталық стадионның қосалқы алаңында футболдан “Арал теңізі Кубогы” ІІ халықаралық турнирі басталды.

“Жастар “ОРМБЖМ” (Қарағанды), “СТС” (Алматы), “Қайсар — 2007” (Қызылорда), “Арал” (Арал), “БКМОФМ” (Түркістан), “Жетісу-Жаркент” (Талдықорған), “№6 ОРМБЖМ” (Қызылорда) және “Сырдария” (Тереңөзек кенті) сияқты 8 жасөспірімдер командасынан 2007 жылы туған жүзден астам спортшы жарыстың жүлделері үшін сынға түсті.

Жарыс “Aral soda” ЖШС, Қазақстан Республикасындағы БҰҰ Даму Бағдарламасы және “Қазақстанның биоалуантүрлілігін сақтау Қоры”ҚҚ демеушілігімен өтеді. Атап айтқанда, олар Арал ауданынан келген команданың қатысуына толық демеушілік жасады.

Турнирдің ашылу салтанатында Қазақстан Республикасындағы Халықаралық Аралды құтқару қорының (ХАҚҚ АД) Атқарушы Дирекциясының директоры Болат Бекнияз, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жағыпар Тәжмаханов, белгілі футбол ардагері Нұрлан Әбуов сөз сөйледі. Олар балаларға сәтті ойын және табысты нәтижелер тіледі.

Атап айтқанда, Б.Бекнияз өз сөзінде “Арал теңізі Кубогы” Қазақстанның, шет елдердің спорт қоғамдастығы мен жұртшылығының назарын Арал теңізінің проблемаларына аудару, сондай-ақ елдердің футбол және спорт ұйымдары арасындағы халықаралық достық қатынастарды нығайту, салауатты өмір салтын насихаттау және балалар мен жасөспірімдер арасында футболды танымал ету үшін өткізілетінін атап өтті.

2018 жылғы 24 тамызда Түрікменбашы қаласында Орталық Азия мемлекет басшылары – ХАҚҚ құрылтайшылар кеңесі жариялаған бірлескен коммюникеде өскелең ұрпақты қазіргі заманғы сын-тегеуріндер мен қауіптерді шешуге тарту және қатысу үшін су ресурстары мен қоршаған ортаны қорғау жөніндегі өңірлік жастар қозғалысының маңыздылығы туралы атап өтілді. Екінші турнирді Арал өңірінде өткізіп жатырмыз. Өткен жылы пандемияға байланысты жарыс өтпеді, ал ағымдағы жылы Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстаннан командалар келе алмады. Егер әлемдегі “КоВид-19” жағдайы тұрақтанса, келесі турнирлер Орталық Азияның басқа елдерінде келісілген кезектілік тәртібімен өтеді. Бұл балалар спорт ұйымдарының дамуына және Орталық Азия елдерінің халықаралық ынтымақтастығының одан әрі нығаюына ықпал етеді. Сондай-ақ, жеңімпаз команда Германиядағы жасөспірімдер турниріне қатысу құқығына ие болады деп жоспарлап отырмыз, — деді Б.Бекнияз.

Естеріңізге сала кетейік, алғашқы турнир 2019 жылы Алматыда Тимур Сегізбаев спорт клубының стадионында өтті. Сол кезде өтіп бара жатқан “Арал теңізі Кубогын” алматылық жас қайратшылар жеңіп алды.

Клуб жетекшісі Жұмабек Сәрсенбаевтың айтуынша, “СТС” СК (Сегізбаев Тимур Санжарұлы атындағы спорт клубы) 2007-2008 жылы туылған балалардан құралған және 2018 жылдың мамыр айында құрылған.

Жаттығулар, спорт залдарын және футбол алаңдарын жалға алу, киім — кешектер мен турнирлерге шығу “AlMoBi” логистикалық компаниясының және ойыншылардың ата – аналарының демеушілігімен өтеді, – дейді Ж.Сәрсенбаев. — Үш жыл ішінде біздің тәрбиеленушілеріміз көптеген түрлі турнирлер мен ресми отандық жарыстарды, атап айтқанда, “СТС” СК — Алматы қаласының чемпионы, Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері, ХФЛ аясында өткізілетін “Жастар” жарыстарының жеңімпазы, халықаралық “Бағанашыл Кубогының”, балалар жаттықтырушысы А.А. Утканов Кубогының (Астана), “Алтын күз” Кубогының және т. б. иегері болды.

Қызылордадағы Турнир 7 қарашада аяқталады.

Тағы да оқыңыз: