Kyzylorda-news.kz Кеше өңірімізде жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын қазақ күресінен облыстық «Алтын белбеу» жарысының ашылу салтанаты өтті.
“Евразия” спорт кешенінде өткен шараны облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов ашып, қатысушы палуандарға сәттілік тіледі. Мұнан соң ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, “Парасат”, “Құрмет” ордендерінің иегері, облыстық мәслихат депутаты Мұстафа Садық сөз алып, палуандарға деген лебізін жеткізді.
Бозкілем батырларының күресін тамашалаған спорт ардагері, спорт шебері Жағыппар Махамбетов спортшылардың топ жаруына тілекші екенін білдірді.
Дүниежүзілік көшпенділер ойыны аясында биыл 15-ші мәрте ұйымдастырылған бәсеке аймақ басшысы Н.Нәлібаевтың қолдауымен өтуде. Сайыста қала мен аудандардан 250-ге жуық спортшы төбе көрсетеді. Олар бүгін әр салмақ бойынша іріктеу сынынан өтіп, ертең ақтық сында күресіп, биылғы жылдың «Алтын белбеу» иегерлері анықталады. Ал спортшылардың бәсекесіне 11 төреші қазылық етеді.
Сондай-ақ, «Түйе палуан» атанған спортшы «Сыр Барысы» атағын иеленсе, ІІ орын иегері «Сыр Арланы» болмақ. Ал ІІІ орын алған спортшыға «Сыр Сұңқары» атағы беріледі.
Айта кетейік, жүлдегерлер мен жеңімпаздар қаржылай және естелік сыйлықтармен марапатталады.