Kyzylorda-news.kz Мемлекеттік рәміздер – бұл кез келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін нышандарының бірі. Олар мемлекет имиджінің ажырамас бөлігін құрайды, азаматтардың патриотизмін білдіреді. Мемлекеттің басты рәміздері – Ту, Елтаңба және Гимн.
Ту – мемлекеттің егемендік пен біртұтастықты білдіреді. «Флаг» термині «vlag» деген нидерланд сөзінен шыққан және белгіленген көлем мен түстегі, әдетте елтаңба немесе эмблема түрінде бейнеленген, діңгекке немесе бауға бекітілген мата ұғымын білдіреді. Ту ежелден елдің халқын біріктіру және оны белгілі бір мемлекеттік құрылымға сәйкестендіру міндетін атқарып келеді. Елтаңба – («герб») термині немістің «erbe» (мұра) деген сөзінен шыққан. Мемлекеттің мәдени және тарихи дәстүрін бейнелейтін символдық мәні бар үйлесімді пішіндер мен заттардың мирастық ерекшелік белгісін білдіреді. Гимн – гректің «gimneo» сөзінен шыққан «гимн» термині «салтанатты ән» деген мағынаны білдіреді. Гимн ел азаматтарын тиімді әлеуметтік-саяси тұрғыдан топтастырып, этномәдени тұрғыдан теңдестіру үшін негізгі мәнге ие, маңызды дыбыстық рәміз саналады.
Қазалыда 4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай марафон жарысы өтті. Жарысқа қатысушылар 10 шақырымға жүгірді. Марафон басталмас бұрын Қазалы ауданы әкімінің орынбасары Дәурен Тлеумбетов спортшыларды мерекемен құттықтап, сәттілік тіледі.
Мерекеге орай ұйымдастырылған марафонда қазалылықтармен қатар Қызылорда облысының әр түкпірінен келген желаяқтарда бақ сынады.
Аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен жарыстың жеңімпазы қазалылық Нұртуған Сазанбай атанды. Жүлделі екінші орынды аралдық Мейірбек Файзуллаев иеленсе, жүлделі үшінші орын қазалылық марафоншы Ерасыл Қожақметке бұйырды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет Мемлекеттік рәміздер күніне орай өткен салтанатты шарада құттықтап, қаржылай сыйақыларды табыс етті. Сондай-ақ, алғашқы болып келген спортшылар мен ең жас марафоншы аудан әкімінің «Алғыс хатына» ие болды.