Kyzylorda-news.kz  Елордада самбо күресінен өткен "Sambo liga" турнирінен ағайынды жас спортшылар жүлдемен оралды. Мықтылық пен ептілік сыналатын сайыста Рамазан Кәрімханов ІІ орын, Азамат Кәрімханов ІІІ орын иеленді. 

Спортшылардың кішісі Рамазан Қызылжарма ауылындағы №144 мектептің 4-сыныбында білім алса, үлкені Азамат "Орда" колледжінде денешынықтыру мамандығында оқиды. Екеуін де самбо күресінен жоғары дәрежедегі жаттықтырушы Әйгерім Жалғасова 5 жасынан бастап спортқа баулыған. 

– Самбо көптеген ұлттық күрес түрлерінің әдіс-тәсілі жинақталған спорттың бірі. Мұнда шабуыл жасау мен қорғанудың мыңдаған әдісі бар. Күрестің бұл түріне інім екеуміз бала кезден қызықтық. Алғашында дзюдоға қатысқаныммен, кейін самбомен айналысуды жөн көрдім. Қазіргі уақытта елімізде өтетін чемпионатқа іріктеу жұмыстары жүргізілуде, – деді Азамат Кәрімханов.

Бүгінде ағайындылар ҚР спорт шеберлігіне үміткерлікке құжат тапсырды. Спорт биігіне ұмтылған жастардың бағындырар белесі көп деген сенімдеміз.

Айта кету керек, Қызылорда облысында балалар мен жасөсіпірімдердің спортпен айналысуына барынша жағдай жасалған. "Балалар жылы" аясында 80 балалар және спорт алаңы пайдалануға берілді. Өткен жылы республикалық және облыстық бюджеттерден  5 458,1 млн. теңгеге 13 спорт кешенінің құрылысы жүргізіліп, 9 кешен қолданысқа берілді. Ал сол жағалаудан халықаралық талапқа сай келетін, жүзу бассейні бар дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің, осы жылы үстел теннисі орталығының құрылысы басталды.

Тағы да оқыңыз: