Kyzylorda-news.kz. Еліміздегі үздік ауылдардың бірегейі саналатын Сырдария ауданына қарасты Нағи Ілиясов ауылындағы Кеңесовтер әулетінде әлемдік аренада топ жарып жүрген ағайынды 4 спортшы бар. Ұлдың үлкені Дастан Кеңес оқушы кезінен грэпплинг спортымен айналыса бастайды. Кейіннен оның 3 бауыры спортқа бейім екендігін байқатады. Қазіргі таңда шынығып шымыр болған олардың дене бітімі мен шапшаңдығы көз сүйсіндіреді.

Бүгінде аптаның 6 күнінде жаттығу залынан табылатын спортшылар ұдайы бапкердің тапсырмасын мүлтіксіз орындауға тырысады. Грэпплингтен жаттықтырушы ретінде 4 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Дастан Кеңестің тәлім-тәрбиесінде 20 саңлақ дайындық жүргізеді. Жас та болса болашағынан зор үміт күттіретін жаттықтырушының шәкірті Айсұлтан Батырбек пен Ернат Алайдаров Әлем чемпионатынан ІІ орын алса, Мағжан Кеңес ҚР чемпионы атанған.

– Бүгінде грэпплингпен айналысатын жас­тар қатары жеткілікті. Басқа спорт түріне қарағанда грэпплинг физикалық пішінді сақтаудың таптырмас құралы саналады. Расында, жекпе-жек әлемінде грэпплингпен айналысып, жеңіске жету жоғары бағаланады. Себебі, оған ең мықты спортшы тартылады. Барлық жағынан сай келетін баланы дайындау барысында бекітілген ережені мұқият ұстанамыз. Қарсыластың жеңіліс табуына мәжбүрлейтін спортты мамандар «берілу үшін күрес» деп атай бастаған. Қазіргі уақытта шәкірттерім лайықты түрде жеңіске жетіп, қарсылас шақ келтірмей жүр. Бұның барлығы – ыждағаттылықпен жасалған жаттығудың арқасы, – деді Дастан Берікұлы.

Өз кезегінде отбасында ата-анасы қолдау көрсетіп отыратын ағайынды Дастан, Зейнолғабедин, Мағжан, Дәулет есімді спортшылар бір-бірін өрге сүйреп жүр. Облыс және республикада шеберлігімен танылған олардың қашанда қырағылық танытуы, жеңіске деген құлшынысы көз жанардан білінеді.

– Үнемі бауырларыма жан-жақты бағыт-бағдар беріп отырамын. Әрқайсысының физикалық, психологиялық дайындығы ұдайы назарымда болады. Мағжан панкратионнан да ел чемпионы атанған. Алдағы уақытта Астана қаласында грэпплингтен Әлем чемпионаты өткізіледі. Өз кезегінде шәкірттерім іріктеуден мүдірмей өткен жағдайда аудан атын әлемдік деңгейде шығаруға мүмкіндік алады, – деді жас бапкер.

Әрқашан жүректілік пен мықтылықтан айнымайтын спортшылар жүлдегерлер қатарынан көріне берсін демекпіз.

 

Тағы да оқыңыз: