Kyzylorda-news.kz «Әкені ұл қадірлемесе асқар таудың аласарғаны, анасын бала аяламаса мөлдір бұлақтың суалғаны,бабаның батасын қажет етпейтін, тобасыз тозған ұрпақ – құрақтың қурағаны болса керек» дейді қазақ. Әкені асқар тауға балап, одан құрметін аямаған ұл-қыздың қашанда бәсі биік, бағы басым. Әр баланың сүйенер тіреуі болар әкелер күні қарсаңында перзенттерінен пікір сұрап, жүрекжарды ықыласын тыңдаған едік.
Дүбірлі додаларға бастаған әке үміті
Талай дүбірлі додаларда Қазақстанның жалауын биікте желбіретіп, абыройын асырып жүрген Қазалы ауданына қарасты Абай ауылының тумасы дзюдошыАбылайхан Жұбаназаровпен телефон арқылы тілдесіп, әкесі туралы сұрағанымызда:
– Әкем – асқар тауым Кемалбек Аржиков өте қарапайым жан. Бір адамға болмасын демейтін пейілі кең, жүрегі жомарт. Мінезі салқынқанды, дос болғанға әрдайым құшағы ашық, қас қылғанға қылыштай өткір азамат. Кез келген жағдайда асқан сабырлық танытып, оң шешім табудың жолын ойлайды. Бала тәрбиесіндегі басты ұстанымы –ешқашан адалдықтан айнымай, әділ бол дейді. Балалықпен шалалық жасап, қисық мінез көрсетсек, тура жолға салып, тәртібімізді түзейтін. Ешкімнің қақысына кірме деп құлаққа құйып өсірді, – деп ағынан жарылды Абылайхан Кемалбекұлы.
«Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды» деген тәмсілді терең ұққандаймын деген Абылайхан «спортқа келуіме әкем себепкер болған жоқ, десе де спортшы болғаныма ешқандай қарсылық танытпады», – дейді.
– Спортқа келуіме достарым себепкер болды. Әкеме: «күреске қатысайын» деп рұқсат сұрағанымда: «әрине, балам, мен сенің кез келген таңдауыңды құптаймын» деп, қанат бітірді. Спорт – қажырлықты, табандылықты талап етеді. Бірден чемпион бола қалу екінің бірінің маңдайына жазылмауы мүмкін. Жарыс болған жерде жеңіліс те, жеңіс те болары сөзсіз. Бастапқы кезде бәсекелерде қарсыласқа есе жіберіп, жеңіліс тапқан сәттерімде әкем: «Балам, мүмкін спорттан қол үзіп, сабағыңа ден қоярсың. Өзіңе лайық мамандық таңдарсың» деген болатын. Мен «жоқ қатысамын» деп спортты жарты жолдан қалдырмауға бел будым. Орын алып, чемпион бола бастағаннан кейін әкем ақ батасын беріп, лайым сөзімен де, ісімен де қолдап-қолпаштап отырады. Әкем: «Киіміңнің арқасында атаң Жұбаназардың есімі жазылып тұр. Соны жерге тигізбе, абыроймен алып жүр» деп сенім артты. Әке сенімі биікке жетеледі. Үмітті ақтауға, елді, туған жерді, ата-ананы, мені баптап, додаға қосқан жаттықтырушыларымды жерге қаратпауға бар күш-жігерімді сарп етудемін.
Атам туралы айтар болсам, «тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» демей ме?! Атам Жұбаназар еңбекқор, абыройлы, елге сыйлы азамат болған. Ол кісінің үлгі-өнегесін әкеміз үнемі айтып отыратын. Әке туралы қанша сағаттап айтса да артықтық етпейді ғой. Әр баланың жүрегінде ойып тұрып орын алатын жанның бірі де бірегейі осы – әкелер. Оларлың амандығы балаға бақыт. Барлық әкелер аман болсын, – деп әңгімесін аяқтады Абылайхан Жұбаназаров.
Жұртшылыққа сыйлы тіс дәрігері
Әке жолын қуып, ізін, ісін жалғап келе жатқан ұлдардың бірі – Ербол Жомартұлы. Бүгінде жас тіс дәрігерінің есімі жұртшылыққа жақсы таныс. Оның қолы жеңіл, емі шипалы деушілер көп. Әкесі Жомарт Бекжанұлы да халыққа қалтқысыз қызмет көрсеткен білікті тіс дәрігері болатын.
– Мен отбасындағы кенже баламын. Әке-шешем, ата-әжем барлығымыз тұрдық. Үйдегі үлкен екі бала ата-әжемізге жақын болып өсті. Ал, мен әкемнің қасында жиі жүрдім. Анамның айтуынша, СОЮЗ кезінде аудандағы жалғыз тіс емханасында әкем мен анам бірге жұмыс істеген. Сол кездері шет ауылдарға айлап, іс-сапарға жібереді екен. Әсіресе, әкем ер адам болғандықтан жолы нашар, көлік қатынасы қиын жерлерге жиі шығыпты. Сол кезде мен 5-6 сынып оқитын баламын. Жазғы демалыс уақытына сәйкес келсе, әкем қасына ертіп алатын. Сол сәттен бастап, менің осы мамандыққа деген қызығушылығым оянды десем болады. Әкем жұмыс істегенде әр ісін қызықтап, құрал-жабдықтарын қарап жүретінмін. Сол кезде әкем марқұм әкем анама: «Осы балам стамотолог болады» деп айтып отырады екен, – деп әкесі туралы ақтарылған Ерболдың сөзін анасы Раушан Бекжанова жалғай кетті.
Қазір Ербол білікті маман. Он екі жылдық тәжірибесі бар тіс дәрігері. Әке жолын жалғаған Ерболдың мінезі салмақты, сөзі нық. Бұл қасиетін әкемнен дарыды, дейді ол. «Әкем аз сөйлейтін, бір сөзді уәдесіне тұратын адам болды. Атына заты сай жомартжан. Қолындағысын бере салатын. Бала десе, көңілі бөлек еді», – деп естеліктерімен бөлісті Ербол Жомартұлы.
– Біз 2006 жылы заман талабына сай Жомарт екеуміз» Ақкербе» тіс емханасынан бөлініп, жеке кабинет аштық. Сол кезде Ербол 10-сыныпты бітіріп, 11-ге өткен кезі. Жеке болған соң, сабақтан бос уақытында кабинетке жиі келетін. Әкесі сол сәттен бастап, барлық құрал-жабдықтың атын айтып, таныстырып отырады екен. Тіпті, тіс жұлған кезде уколды қалай салатынын бәрін көзбен көріп өсті. Мектепті бітірген соң, Алматыдағы медакадемияға грантқа түсті. Ербол екінші, курста практикалық сабақтар басталған сәтте қолы жатық, құрал-жабдықтардың барлығымен таныс, тіс салатын кезде қалып алуды да, біршама біліп қалған еді. Жартылай маман секілді дайын Ерболға мұғалімдері: «Сен бәрін біледі екенсің ғой» деп сүйсінген екен. Соның барлығы әкесінің еңбегі деп білемін», – дейді анасы.