Kyzylorda-news.kz. Бокстан әлем чемпионатының кешкі сессиясында шаршы алаңғы шыққан Санатәлі Төлтаев пен Асланбек Шымбергенов қарсыластарына есе жіберіп, жарысты жүлдесіз аяқтады.
63,5 килоға дейінгі салмақта Санатәлі Төлтаев шотланд боксшысы Рис Линчке жол берді. Қазақ боксшысы үш раунд бойы белсенді жұдырықтасқанмен, төрешілер шешімі екі жарылды. Нәтижесінде қарсыласы 3:2 есебімен басым болып кетті.
71 килоға дейінгі салмақта Асланбек Шымбергенов Украинадан барған Юрий Захареевке жеңілді. Айқасқа толы өткен жекпе-жекте де төрешілердің шешімі қарсылас пайдасына ауды. 3:2 есебімен ұтқан Юрий жартылай финалға шықты.
Қазіргі таңда жартылай финалға 5 боксшымыз жолдама алды. Олар – Теміртас Жүсіпов, Махмұд Сабырхан, Абылайхан Жүсіпов, Сәкен Бибосынов және Серік Теміржанов.