Kyzylorda-news.kz. Қазалы ауданында биік белестерді бағындырып, дүбірлі додаларда топ жарып жүрген спортшылар жетерлік. Оның ішінде самбодан Азия чемпионы, дзюдодан Қазақстан жастары арасында екі дүркін жеңімпаз атанған Абылайхан Жұбаназардың аудан атын шығарып жүргені көпті қуантады. Сонымен қатар ол «Жас барыс» турнирінде бес мәрте бірінші орынды иемденген. Бүгінде ел мерейін үстем етіп жүрген Қазақстан Республикасы халықаралық дәрежедегі спорт шебері, қазалылық дзюдошы Абылайхан Жұбаназар тағы да ел мерейін асқақтатты.
Қытайдың Гонконг қаласында өтіп жатқан дзюдодан Азия чемпионатында қазақстандық екі балуан Абылайхан Жұбаназар мен Эсмигуль Куюлова қола медаль үшін күреседі.
Қазалы топырағынан түлеп ұшқан спортшы жерлесіміз Абылайхан өзінің жеңіске деген құштарлығын туған анасынан алатынын жеткізген болатын. "Әрбір жарыс жолына шыққанда анам қоңырау шалып ақ батасын береді. Өзінің маған үлкен үміт артатынын айтып, алдыға қарай өрлеуіме дем береді. Өзі ауылда тұрса да, маған әрқашан қолдау білдіріп отырады. Сонымен қатар, Нұрлыбек Есбосынов пен Жұмабек Құлыбаев ағаларымның бүгінге дейін ерекше демеу жасап жүргенін айта кеткім келеді. Алғашқы ұстазым – Мұхтар Күзентаев анамнан кейінгі үнемі жанымнан табылатын жан. Ақыл-кеңесін айтып, тура жол көрсетуден танбайды" деген ойын білдірген.
81 келі салмақта ел намысын қорғап жатқан жерлесіміз Абылайхан Жұбаназар жартылай финалда Ханчжоудағы Азия ойындарының күміс жүлдегері, әлем чемпионатының қола жүлдегері Ли Джун-Хваннан (Оңтүстік Корея) қосымша уақытта жеңіліп қалды.
Ал Азия чемпионатын 2-айналымнан бастаған қыздар арасындағы спортшымыз Есмигүл Куюлова (-63 келі) жапон балуаны Кирари Ямагучиге жол берді. Сосын, жұбаныш белдесуде үндістандық спортшыдан айласын асырды. Осылайша екі балуанымыз қола медальға таласу мүмкіндігіне ие болды.
70 келі салмақта тағы бір отандасымыз Екатерина Токарева ширек финалда Шохиста Назаровадан, жұбаныш белдесуде тағы бір өзбекстандық Гүлноза Матниязовадан ары өте алмады.
Айта кетейік, Азия чемпионатының жеңімпазы рейтингте 700, күміс жүлдегер 490 ұпай алса, қола медаль алған 2 дзюдошыға 350 балл қосылады.
Аталған Сарықұрлық додасында 34 елдің 262 таңдаулы татами шеберлері өзара кім мықтыны анықтап жатыр.
Командалық сында Қазақстан ұлттық құрамасы Түрікменстан құрама командасын 4:2 есебімен жеңіп, қола медаль иеленді.
Командалық сында Қазақстан ұлттық құрамасы Түрікменстан құрама командасын 4:2 есебімен жеңіп, қола медаль иеленді.