Kyzylorda-news.kz. Спорт – елдің мерейін асырып, абыройын тасытар асқақ сала. Қазіргі таңда спортшылар тек аудандық, аймақтық ғана емес халықаралық жарыстарда топ жарып, көк байрағымызды биікке самғатуда. Бұл Қазақстан спортының жан-жақты дамығанын көрсетеді. Ауданда 11 олимпиадалық, 4 ұлттық спорт түрлері, 8 олимпиадалық емес спорт түрлерімен щұғылданады. Жалпы аудан көлемінде балалар-жасөспiрiмдер спорт мектептерінде барлығы 1950 жастар мен жасөспірімдер қамтылып отыр. Бұл аудандағы жасөспірімдердің 16 процентін қамтиды. 2023 жылы аудан спортшылары республикалық жарыстармен Қазақстан Республикасының чемпионатында 18 алтын, 11 күміс, 33 қола, иеленді. 2023 жылы басынан 3 спорт шебері, 1 халықарлық дәрежедегі спорт шебері, 41 спорт шеберіне үміткер, 38 І раязрядты спортшылар дайындалған. Аудан абыройын асқақтатып, әлемдік мінберде марапатқа ие болып жүрген жастарымыздың бірі – Абылай Шәкірбеков. 

Байрақты бәсекеде қарсыластарын жер жастандырған жас спортшымыз жақында панкратионнан Ташкентте өткен жастар арасындағы Әлем чемпионатында екінші мәрте чемпион атанды. Осыған байланысты аудан әкімі Нұржан Ахатов жекпе-жек шеберін қабылдап, жеңісімен құттықтап, алғысын білдірді. Айта кетейік, панкратион – қайта жанданған спорт түрі. Ол еркін және грек-рим күресінің, самбоның, дзюдоның, бокстың және басқа да жекпе-жек өнерінің техникалық әрекеттерінің барлық дерлік әдістерін пайдалануға рұқсат етілген танымал аралас жекпе-жек. Аудан жастарының арасында да осы спорт түріне қызығушылардың қатары көбейген. Ербол Длимбетовтің айтуынша, 150 бала осы спорт түрімен айналысып келеді. Олардың арасында әлем чемпионатында чемпион атану үшін тыңғылықты дайындалып жүрген жеткіншектер аз емес. Осыған байланысты жазғы демалысқа қарамастан дайындық жұмыстары әлі жалғасуда. Қажымас қайрат пен тынымсыз еңбектің арқасында ауданда панкратион спорты бойынша екі дүркін әлем чемпионы және үш күміс жүлдегері бар, ал елімізде өткен жекпе-жектен 12 чемпион, 5 күміс және 9 қола жүлдегері топ жарып тұр. Ал бес спортшы арнайы белбеу иеленсе, тағы да жеңімпаздар Республикадан 3, облыстан 6, әлемдік додадан 2 кубок иеленген. Әзірге жас спортшылардың арасында Абылай Шәкірбеков топ жарып, әлемдік мінберлерде  төбе көрсетіп жүр. Алдағы уақытта аудан спортшыларымыз дүбірлі дода да әлі де бой көрсетеді деген сенімдеміз. Осы орайда «Жақсыны көрмекке» дегендей, біз де өз кезегімізде жеңімпазбен емен-жарқын сұхбаттастық. 

– Абылай, жақында ғана Қазақстанның көк байрағын бір сатыға жоғары қойып, Әнұранын шырқатып, «Әлем чемпионы» атанып келдің. Сол сәттегі алғашқы әсеріңмен бөліссең. 

– Әрине, ел байрақты бәсекеде барлығынан бірінші болып, елдің абыройын асқақтату – өте әсерлі. Қаншам еңбек, маңдай тер, төгілген қанның арқасында жеткен жеңістің әсері өте керемет. 

– Қарсыластарың кім болды? Қай елдің спортшыларымен күш сынастың? Оларды қалай бағалар едің?

– Жекпе-жектегі қарсыластарым – украиналық, өзбек және отандасымыз қазақ, әр спортшымен тартысты жекпе-жектер болды, ешкім осал емес, барлығы тыңғылықты дайындалып келген. Еңбекпен жеңіске деген құштарлықпен барлығын тартысты жекпе-жекте жеңдім деп ойлаймын. 

– Білуімізше, бұл сенің әлемдік додадағы екінші жеңісің. Украинада өткен жарыс туралы айта кетесің ба?

– 2021 жылы Украинаның Харьков қаласында алғаш рет Әлем чемпионы атандым. Оған 20 елден 400-ден астам спортшы қатысты. Шиелі ауданынан 100 кг салмақ дәрежесінде мен, 70 кг салмақ дәрежесінде Диас Құдайбергенұлы қатысты.  Бұл Әлем чемпионаты болғандықтан, қай кезде де оңай болмайды. Әр жеңістің астарында – толассыз еңбек пен қажымас қайрат  бар. Оның үстіне әр ел ең мықтыларын ғана додаға түсіреді. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарлар бірге бақ сынасады. Әлемдік додада жерлесіміз екеуміз де бос қайтпадық. Диас 70 кг салмақ дәрежесімен күміс жүлдеге ие болды. Осындай тартысты дода да үздік болуым бапкерім екеуміздің тыңғылықты дайындалуымыз себеп. 

– Панкратион – ерекше спорт түрі. Бұл спортқа қалай келдің? Алғашқы және бүгінгі бапкерің кім? 

– Ең бірінші спортым – бокс. Бокстағы бапкерім – Мұрат Мұсаев болды. Кейіннен түрлі жарыстарға шығып, панкратион спорт түрімен таныстым. Әрі қарай осы спортқа бет бұрып, қызығушылығым арта бастады. Қазіргі кезде бапкерім АДС Джиу-джитсудан және қоян-қолтық жекпе-жектен, грэплингтен спорт шебері – Ербол Длимбетов. Осы спортта бағым жанып, өзімді әрмен қарай шыңдау үстіндемін. 

– Алғашқы бапкер, алғашқы сәттер туралы сөз болған соң шаршы алаңдағы ең бірінші жекпе-жек туралы да айта кеткеніміз жөн шығар. Ол сәт есіңде ме? Қобалжу мен қорқыныш болған шығар бойыңда?

– Алғашқы жекпе-жек әрқашан ерекше сезіммен есте қалады. Бірақ менің спортта тәжірбием болғандықтан және жақындарыммен, бапкерімнің қолдауының арқасында айтарлықтай қобалжу мен қорқыныш болмады. Жекпе-жекке біз физикалық тұрғыдан ғана емес, психологиялық түрде де дайындаламыз. Шаршы алаңға шыққан әр спортшы жеңіске де, жеңіліске де дайын болу керек. Бірақ менің алғашқы жекпе-жектерім сәттілікке толы болды. 

– Ал сені екі дүркін Әлем чемпионы қылған не нәрсе? Тынымсыз еңбек пе, табиғи талант па әлде чемпион болсам деген арман-мақсат па?

– Мұстафа Өзтүрік ағамыз айтқандай «Чемпион болу – оңай, адам болу – қиын». Ең алдымен қарапайым адам болып, өз ісіңе адал әрі жауапкершілікпен қарау керек. Бір жетістікке жету үшін аянбай еңбек етіп сол нәрсеге ықтияр болып әр жаттығуға жауапкершілікпен қарап, чемпион боламын, жетістікке жетемін деген нық сенім мен айшықталған  мақсат болу керек. 

– Кез келген жас спортшыда өзі ұқсағысы келетін бір тұлға болуы тиіс деп ойлаймын. Өзің кімді үлгі тұтасың?

– Мен әр жетістікке жеткен спортшыдан өз керегімді аламын. Тек бір спортшыға еліктеу деген, үлгі тұту деген жоқ. Әрине, қазіргі кезде елімізден шыққан, әлемдік додаларда топ жарып жүрген ағаларымыз көп. Соларға қарап бой түзейміз, ізімен жүреміз. 

– Ендігі әлем чемпионаты қашан болады? Оған дайындықты бастап кеттің ба?

– Осы жылғы әлем чемпионаты бітті. Бұйырса келесі жылға дайындаламыз. Біз әр жарысқа күнделікті жаттығу жасаймыз, жарыс уақыты белгілі болғанда тыңғылықты екі, үш мезгіл дайындықты бастаймыз. Демеушілер табылған жағдайда басқа қалаға барып, оқу-жаттығу жиынын өткіземіз. 

– Болашақта бапкер болу ойыңда бар ма? 

– Спорттағы мансабымды аяқтасам, бапкер болуға қарсы емеспін. Тәжірибеммен бөлісіп, мықты мамандарды алып шығуға болады. 

– Спортқа енді қадам басқан ізбасарларыңа не айтасың?

– Ешқашан сынбау, өз арманына адал болып тыңғылықты дайындалып әрекет ету. 

– Әдемі әңгімеңе рақмет. Жеңісті күндерің көп болсын.

Тағы да оқыңыз: