Kyzylorda-news.kz Бақтыбай Ордабаев 1966 Арал қаласында дүниеге келген. Ата-анасы өлкеміздің басты байлығы болған айдынды теңіздің кеме өңдеу зауытында шебер болып қызмет еткен жастың арманы да, талғамы да басқаша еді. 

Ол туралы өзі:

–  Бала кезіміз қазіргі жастардың өмірінен басқаша өтті ғой. Ұялы телефон, теледидар жоқ еді. Бағымызға орай, аула алдында «Водник» деген стадион болатын. Уақытымыздың көбін сонда футбол ойнаумен өткіземіз. Одан өсе келе арнайы секциялар ашылып, соған бардым. Алғашқы ұстазым, марқұм Серік Тілеужанов деген кісі болды. Ең бірінші жарысымыз, кәсіби ойынымыз сол мектеп жасында басталған, – деп еске алды.

Осылайша өмірін спортпен байланыстырған ол 1985 жылы әскери борышын өтеуге аттанады. Украинада 2 жылдық әскери міндетін атқарып жүргенде де бос уақытын сүйікті ісімен өткізеді. Аралға келген соң кеме жөндеу зауытына жұмысқа тұрады. Ол уақытта ауданаралық жарыстарға зауыттың командасы атынан шығып жүрген Бақтыбай Жарылқасынұлы кейін келе аудан атынан ойын көрсете бастайды.

–  Жарылқасын Сәменов жаттықтырушымыз болды. Зауыттың командасы болып Арал ауданының атынан облыс, республика лигасына шыға бастадық. Қазақстан Республикасының біріншілігінің ІІ лигасында жүлделі ІІІ орын алғанымыз әлі есімде. 
Сол жылдары оқу орнына құжат тапсырдым. Осылай Алматы қаласындағы Жоғарғы оқу орнына қабылданып, «Футбол жаттықтырушысы» маманы болып шықтым. Еліміз Тәуелсіздік алған жылы зауыт жұмысынан шығып, 4 жыл «Шапағат» қоғамдық қорында, 2001 жылға дейін «Намыс» футбол клубында жаттықтырушы болып жұмыс істедім. Сол жылдан бері қазірге дейін №19 мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде балаларды спортқа баулып келемін, – деп алғашқы еңбек жолымен таныстырды ол.

Иә, 30 жылдан аса еңбек өтілі бар жаттықтырушы бүгінде талай шәкірттің спорт саласында бағын жақты. Олардың алды Қазақстан Премьер Лигасында өнер көрсетіп жүрсе, жақында ғана оқушылары Нұрдаулет Талғатұлы мен Асқар Қолғанатов облыс командасында ойнап, республика чемпионы атанды.

–  Оқушы балалар спорт мектебіне 7 жасынан бастап қабалданады. Келген әрбір шәкіртке ерекше бап жасап, айрықша көңіл бөлу керек. Әр баланың қыры мен сыры болады. Бәрін бірдей «футболшы» етіп шығару мүмкін емес. Дегенмен бейімі бар, денсаулығы жарайтын, шымыр баланы түбінде спорт саласының бір кірпіші етіп қалауға мүмкіндік бар. Оның өзі қаншама жылдық еңбекпен келеді. 

Футбол саласына, жалпы спортқа қазір көп көңіл бөлініп жатыр. Ауданда да түрлі секциялар ашылды, бәрі мемлекет тарапынан тегін жүреді. Жастар бос уақытын тиімді өткізіп, қызығушылық танытса, біздің тарапымыздан қолдау әрқашан бар, – деп  жаттықтырушы пікірін білдірді. 

Спорт саласында атқарған еселі еңбегі ескеріліп, кейіпкеріміз бүгінге дейін аудан, облыс әкімдерінің «Құрмет грамотасы» мен «Алғыс» хаттармен марапатталған. Сонымен қатар Қазақстан футбол Федерациясының арнайы төсбелгілерімен де құрметтелді және «Арал ауданының футболдан аға жаттықтырушысы» атағын алды. 

Қазіргі таңда Бақтыбай Жарылқасынұлы жұбайы Ботакөзбен 2 қыз, 1 ұл тәрбиелеп, немерелерінің қызығын көріп отырған бақытты әулеттің отағасы. Ал өзінің ізін қуған баласы Аян Бақтыбайұлы аудан, облыс құрамасында өнер көрсетеді. 


Г.МЫҚТЫБАЙҚЫЗЫ

Тағы да оқыңыз: