Kyzylorda-news.kz  Кең иықты, сом білекті жігіттер айналысатын гір көтеру – халық арасында кең тараған спорт түрі. Шойыннан құйылған гір тасын көтеру үшін спортшыға білектің күші мен темірдей төзімділікті ұштастыра білу керек. Осы орайда гір көтеруден байрақты бәсекелерде жеңіс тұғырынан көрініп жүрген спортшы Азамат Ақылбековтен сұхбат алуды жөн көрдік.

– Гір көтеру спортымен қай кезден бастап шұғылдандыңыз?

– Бұл спорт түрімен 2011 жылы, яғни 8 сынып оқып жүрген уақыттан бастап айналыстым. Жасөспірім шақтан бастап бастап талмай еңбектеніп, жақсы нәтиже көрсетуге тырыстым.

– Гір көтеру спортын халық көбіне наурыз секілді ұлттық мерекелерде ғана көретіні жасырын емес. Бұл спорт түріне мемлекет тарапынан қолдау бар ма? Халықтың қызығушылығы қандай?

– Иә, бұл спорт түрін халық тек қана наурыз мерекесінде ғана көретіні жасырын емес. Жалпы гір көтеру спортынан облыстық жарыстар жиі болып тұрады. Бірақ ол жайлы тек осы спортпен айналысатындар ғана біледі. Ал жастар арасында қиындығына шыдамай, орта жолдан тастап кететіндер көп.

– Гір көтеруді жас өрендер қай жастан бастағаны дұрыс?

– Жас ерекшелігіне келетін болсақ 7-8 сыныптан, яғни 13-14 жастан бастап айналысса болады. Қазіргі уақытта білікті бапкерлер жас шәкірттерді машықтандыру үстінде. Әр спортшы деңгейіне сәйкес спорт құралдарымен де қамтылған. Ең бастысы, гір көтеру – табандылық пен шыдамдылықты қатты талап ететін спорт түрі екендігін ұмытпау қажет.

– Сіз қатысқан ең үлкен жарыс пен жоғарғы рекордыңыз жайлы айтып берсеңіз…

– Өзім бақ сынаған ең үлкен жарыс 2013 жылы Украинаның Керчь қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты болатын. Сол сайыста «жұлқа көтеру» кезеңі бойынша қатысып, 24 келі салмақты 150 рет көтеріп, 16 жасымда Әлем чемпионы атандым. Жеке рекордыма кел- сек, облыстық жарыстарда 24 келі кір тасын 170 мәрте, 32 келіні 100 рет көтерген едім. Дайындық барысында 16 келілік кір тасын 500 рет көтерген сәтім бар. Жастар арасында 2 дүркін Азия чемпионы болдым. Қазақстан Республикасы чемпионатында 2 күміс, 2 қола жүлде иелендім.

– Осы спорттағы үздіктер деп кімдерді атай аласыз?

– Гір көтеру спортынан Қызылорда облысы бойынша үздіктер деп, Оразбек Медетбаев, Жеңісбек Төлеген, Абдулхасан Сейтенов, Қайсар Төлеген, Жандәулет Өндрей секілді спорт- шыларды айта аламын.

– Бұл спорттың дамуы үшін не істеу керек?

– Бұл спортты дамыту үшін спортшыларға қолдауды арттырып, гір көтеру жарыста- рын көбейтіп, жан-жақты жарнаманы арттыру қажет деп ойлаймын. Халық кеңінен ақпараттанса, гір көтеруге қызығушылардың да саны артады деп сенемін.

– Сұхбатыңыз үшін рақмет!

 

Сұхбаттасқан М.Қосымбаев

Тағы да оқыңыз: