Kyzylorda-news.kz. Сырдария ауданында «AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Жер аманаты» комиссиясының көшпелі отырысы өтті.

Жиынға партияның облыстық филиалының және партия жанындағы облыстық «Жер аманаты» комиссиясының төрағасы Наурызбай Байқадамов, партия филиалының Атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешова және комиссия құрамындағы депутаттар, сала мамандары және құзырлы органдар мен прокуратура өкілдері қатысты.

Жер мәселесі қай уақытта да ең маңызды мәселелердің бірі. Оның ішінде заңсыз берілген жерлерді қайтару, ауыл тұрғындарына жетіспейтін жайылым жерлері және басқа да жер қатынастарды ретке келтіру бойынша «AMANAT» партиясы еліміз бойынша «Жер аманаты» жобасын іске қосып, түйткүлді мәселелердің шешілуіне мұрындық болуда.

«Өткен жылы жоба аясында еліміз бойынша 5 млн га заңсыз алынған немесе пайдаланылмай жатқан жерлер мемлекет меншігіне алынса, біздің өңірде көлемі 157 мың 113,1 гектарды құрайтын 256 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды. Оның ішінде көлемі 50 мың 879 гектар болатын 5 жер учаскесі сот шешімімен мәжбүрлі түрде өндірілді. Биыл жыл соңына дейін облыс бойынша пайдаланылмай жатқан 200 мың гектар жерді қайтару жоспарланған болатын. Бүгінгі күні 69,2 мың га қайтарылды. Сондықтан бұл жұмыстар күшеймесе бәсеңдемейді»,- деді жиын басында комиссия төрағасы Наурызбай Байқадамов.

Биыл комиссия ауылдар маңындағы жайылым жерлерді қайтаруға баса мән бермек. Осы ретте, аймақтық комиссияның көшпелі отырысында «Сырдария және Жалағаш аудандарында «Жер аманаты» жобасының іске асырылу барысы туралы» аудан әкімдерінің есептері тыңдалып, жұмысты тиімді ұйымдастырудың жолдары талқыланды.

Жиын барысында комиссия төрағасы өткен жылы мемлекет меншігіне қайтарылған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жайылымдық жерлерге мұқтаж елді мекен тұрғындарына мақсатты бөліп беруге арналған мониторинг картасының жүзеге асуын пысықтап, жұмысты жетілдіру бағытында нақты ұсыныстарды ортаға салды.

Тағы да оқыңыз: