Kyzylorda-news.kz. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Саясат Нұрбек ұсыныстар пакеті туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ұлттық кеңестің әлеуметтік мәселелері бойынша тобы білім, ғылым, денсаулық сақтау, еңбек нарығын дамыту, тіл, көші-қон бойынша ұсыныстар пакеттерін дайындап, тиісті мекемелермен тығыз жұмысты атқардық. Жұмыстарды ең төменгі деңгейден бастадық, себебі негізгі мәселелер сол жерде шешіледі. Атап айтқанда, жоғары білім және ғылым, мектепке дейінгі және орта білім, техникалық және кәсіптік білім, сондай-ақ еңбек нарығын болжау мен біліктілікті арттыру тұрғысында ұсыныстар пакеті дайындалды», – деді С.Нұрбек Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында.

Оның айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігімен ынтымақтастық аясында денсаулық сақтау саласындағы жұмыс тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар пакеті дайындалды.

«Қазіргі уақытта осы жұмысты нығайту керек. Денсаулық сақтау саласында әлі де тығыз байланыс орнатылмай жатыр», – деді ол.

Бұдан бөлек, Саясат Нұрбек қандастарға қатысты бірнеше ұсынысын жеткізді. Бірінші – шетелдегі этникалық қазақтарға жерді пайдалану құқығын беру. Бұл қазір өте қызу талқыланып жатқан мәселе. Тағы бір ұсыныс 18 қараша күнін Ұлттық көші-қон күні деп белгілеуге қатысты.

«Жалпы, үш айдың ішінде мемлекеттік органдармен өте егжей-тегжейлі жұмыс істедік», – деді ол.

Тағы да оқыңыз: