Kyzylorda-news.kz. **Мемлекет басшысы *Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев* жетінші сайланған Қазақстан республикасының парламентінің үшінші сессиясында «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауын арнап, ел дамуының бағыт-бағдарын айқындап берді. Бұл Президенттің «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласына негізделген Жаңа, Әділ Қазақстанды құру жөніндегі саяси шешімдерінің жалғасы.** Бұл туралы Қызылорда облыстық ҚХА жанындағы ғылыми- сарапшылық тобының мүшесі, саяси ғылымдарының кандидаты Сәулет Сахиев мәлімдеді.
Атақты Қытайдың саяси және мемлекеттік қайраткері Мао Цзэдун «Өзгерістер желін сезінген адам, желден қорғаныс емес, диірмен салу керек» деп айтқан философиялық ойы, елдің қазіргі даму процесіне сай келеді. Осы ретте Мемлекет басшысы өз жолдауында саяси жаңғыру процесінде тиімді жолдар мен шешімдерді табуға, билік пен халықты бірдей жұмылып атсалысуға шақырды. Себебі құр сөз бен уәделер ендігі ретте мемлекет дамуына кері әсерін тигізетінін айдан анық. Нақты істерге, оң нәтижелі жұмыстарға ден қоятын уақыт келгенін Қасым – Жомарт Кемелұлы нық басып айтты. Ал осы саяси жаңғыру бірінші кезекте экономикалық өзгерістерге ұласуы тиіс екенін жолдауда саралап тұрып билік пен халыққа түсінікті, нақты дәйектермен ел президенті жеткізді.
Жолдауда Мемлекет басшысы «Мемлекеттік басқару ісін қайта жаңғырту» атты төртінші бағдарында саяси қызметшілердің жеке жауапкершілігін арттырып, мемлекеттік басқару жүйесін орталықсыздандыруға баса назар аудару керектігін айта кетті. Бұл өз кезегінде жергілікті атқарушы органдардың өкілеттігін айтарлықтай кеңейтуді қажет ететіні белгілі. Есеп беретін Үкіметті өз деңгейінде қызметін жүйелендіру үшін, ол «салааралық мәселелерді шешумен шұғылдануы қажет» – дейді Мемлекет басшысы.
Осы ретте, Үкімет Премьер-Министр Кеңсесін мемлекеттік басқару ісінің үздік стандарттарына сай келетін, ықшам Үкімет аппараты ретінде қайта құру керектігіде баяндалды. Саяси процесте Мемлекеттік басқару ісінің тиімділігі елдің тұрақты дамуы мен оңтайлы нәтижеге қол жеткізудің бірден-бір жолы екені белгілі. Осы тұрғыда ел Президенті Үкіметке жаңа әкімшілік реформа әзірлеуді тапсырды.
Елде түрлі саяси өзгерістер орын алған уақытта жан-жақты білімді, дүниетанымы мол, тәжірибесі бар жаңа мемлекеттік басқарушылар керектігі Жолдауда сөз етілді. Бұл өте дұрыс шешім. Себебі мемлекеттік басқарудағы уақытылы жасалып отырған ротация, тиімді нәтижеге қол жеткізудің негізгі әдісі. Аталмыш жұмыстардың өзегі жақсы кадрлар болып табылады. Бұл жүйелі істің барлығы бір-бірімен байланысты үлкен, ауқымды және жауапты жұмыс екені анық. Дамыған елдердің тәжірибесі мен оның тиімді тұстары еліміздің даму үдерісінде көрініс табуы керек. Себебі, түрлі тәжірибелер мемлекеттік басқарудағы қателіктерді болғызбай, алдын алады.
Қызылорда облыстық ҚХА жанындағы ғылыми- сарапшылық тобының мүшесі, саяси ғылымдарының кандидаты Сәулет Сахиев