Kyzylorda-news.kz Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытауда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың IV отырысында елдің салық жүйесінде офшорға ұқсайтын ахуал қалыптасқанын сынады, – деп хабарлайды Қазақпарат.
– Қазақстанда түрлі салық режимі, көптеген жеңілдіктер мен преференциялар бар. Оның бәрі елімізде салық офшоры сияқты ахуал қалыптастырды. Кәсіпкерлердің екі негізгі тобы пайда болды. Олар – заңнамадағы олқылықтарды пайдаланып, салық салынатын табысын өзі үшін азайтып көрсететіндер және барлық салықты адал төлейтіндер. Кәсіпкерлердің осы екінші тобы бәсекеге төтеп бере алмай жатыр, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев
Мемлекет басшысы Үкімет салық төлеуден жалтару үшін бизнесін бөлшектейтіндердің әрекетіне орынды назар аударғанын атады.
– Өкінішке қарай, мұндай жағдай жаппай белең алған. Заңнамадағы олқылықтар бизнесті бөлшектеуге жол беріп отырғанын мойындау керек. Бұл мәселеге Үкімет те, депутаттар да жете мән бермеген.
Тағы да әдемі көрсеткіштерге әуестеніп кеттік: елімізде екі миллионнан астам салық төлеуші, яғни жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар тіркелген деседі. Бірақ олардың қандай кәсіпорындар екеніне, қалай пайда болғанына, қанша салық төлейтініне, тіпті оны төлеп жатыр ма, жоқ па дегенге еш талдау жасалмаған. Бірақ құр кінәлаудан іс оңға баспайды.
– Енді ахуалды шұғыл түзету қажет. Үкімет пен Парламентке айтарым – заңнамаға жедел түрде тиісті түзетулерді енгізу керек, - деді Президент.
Фото: Ақорда