Kyzylorda-news.kz. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдің қауіпсіздігі мен халықтың амандығын қамтамасыз ету үшін аянып қалмайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
“Мен үшін ең басты құндылық – Қазақстанның тәуелсіздігі. Мемлекет басшысы ретінде еліміздің қауіпсіздігі мен халқымыздың амандығын қамтамасыз ету үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймын. Жауапкершілік жүгі қанша ауыр болса да, одан еш қаймықпаймын”, – деді Тоқаев Nur Otan партиясының кезектен тыс XXII съезінде.
Сондай-ақ ол партия өз жұмысын жандандырып, ұйымның рөлін күшейтуі қажет екенін атап өтті.
“Жылдар бойы үнсіз болған, саясатпен айналысып жүрген кейбір адамдар қазіргі жылымықты пайдаланып, әлеуметтік желіге жаппай шыға бастады. Олар ақпарат кеңістігін жаулап алды деуге болады. Неше түрлі қауесет, жалған ақпарат тарап жатыр. Мұндай ахуал елді адастыруы мүмкін. Ашығын айтсақ, біздің жоспарларымызды, қолға алған шараларымызды көпшілік біле бермейді. Партия белсенділері заманауи ақпарат құралдарын пайдаланып, саясатымызды жұртқа жан-жақты түсіндіруі қажет”, – деді президент.
Тоқаев партия мүшелерін бұл жұмысқа білек сыбана іске кірісуге шақырды.
“Халық нақты өзгерістерді күтіп отыр. Партияның атына заты сай болуға тиіс”, – деді мемлекет басшысы.