Kyzylorda-news.kz Үкімет ел экономикасын тұралап қалудан сақтап, орнықты дамуды қамтамасыз ету үшін күрделі шешімдер қабылдауы керек. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті, – деп хабарлайды Қазақпарат.

- Мен реформалардың нақты бағыты мен оны жүзеге асыру жолдары туралы осыған дейін де айттым. Үкімет ел экономикасын тұралап қалудан сақтап, орнықты дамуды қамтамасыз ету үшін күрделі шешімдер қабылдауы керек және ең бастысы сол шешімдерді іске асыруға тиіс. Бұл – жоғары білікті әрі жауапкершілік алуға дайын мемлекеттік қызметшілердің қолынан келетін жұмыс. Әлемдік тәжірибеге қарасақ, мемлекеттік аппараттың тиімділігі осындай күрделі кезеңдерде айқын көрінеді, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, Үкімет қаншалықты қиын болса да, жаппай үнемдеуге көшіп, бюджет қаржысын тек қана аса өзекті мәселелерді шешуге жұмсауы керек.

- Көрпеге қарай көсілетін уақыт келді. Орынсыз шығынды тоқтатып, аяғымызды тартып басу қажет, - деді Мемлекет басшысы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр.

Мемлекет басшысы 2024 жылды еліміз оң көрсеткіштермен аяқтағанын айтты.

Фото: Ақорда

Тағы да оқыңыз: