Kyzylorda-news.kz. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс- қимыл кезеңі» атты Жолдауында аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдерін жергілікті тұрғындардың өздері тікелей сайлайтынын айтып: «Қоғамдық пікір сауалнамалары ауыл әкімдерінің сайлау арқылы қызметке келуіне қатысты сұраныстың артқанын көрсетіп отыр. Бұл маңызды қадамды жан-жақты ойластырып, дәйекті түрде жүзеге асырған жөн. Мұндай жүйенің қалай жұмыс істейтінін нақты білуіміз керек. Алайда, бұл мәселенің шешімін кейінге қалдыруға болмайды. Келесі жылы бірқатар ауылдық округ әкімдерінің өкілеттік мерзімі аяқталады. Ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткізуге болады деп ойлаймын» деген болатын.

Иә, кент пен ауыл әкімдерін тікелей сайлау – Президент реформаларының бірі. Жексенбі күні ауданымыздағы Жосалы кенті, ІІІ Интернационал және Ақжар ауылдық округі әкімінің сайлауы өтті. Таңғы 7.00-де сайлау учаскелері ашылып, тұрғындар дауыс беруге жиналды. Сайлау учаскелері барлық талаптарға сай жабдықталып, бюллетеньдермен қамтылды. Сондай-ақ, мүгедектігі бар азаматтарға қолайлы жағдайлар жасалып, үйден дауыс беруге өтініш қалдырған азаматтар үшін тасымалданатын жәшіктер апарылды.

Ауданда өтіп жатқан үш бірдей сайлауға жергілікті тұрғындар жауапкершілікпен қарады. Ерте келген сайлаушыларға да арнайы сыйлықтар берілді. Ел үшін маңызды болған науқанға адамдардың жанашырлығы байқалады.

Сайлау науқанына әрдайым қатысып, азаматтық борышымды атқарамын. Сайлау бұл – халықтың пікірін ескеру. Сол үшін бүгін зайыбым Зылиха екеуміз дауысымызды бағдарламасы бізге ұнаған үміткерге бердік. Ел сенімін арқалаған азамат кентіміздің көркеюіне өз үлесін үлес қосады деген сенімдеміз, – дейді кент тұрғындарының бірі Берік Ахметов.

 

Тағы да оқыңыз: