Kyzylorda-news.kz.  ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы республикалық референдум өтетін уақыт та жақын. Еліміздің саяси өміріндегі өзгерістерге, сол сияқты алдағы өтетін референдумға байланысты қоғамда түрлі пікірлер бар.

Ескі жүйені көксеп, қоғамдағы оң өзгерістерге барынша кедергі келтіруге тырысқан керітартпа пікірлер де көрініп қалады. Мемлекет, ұлт тағдырына, сол арқылы тұтас Қазақстан халқының болашағына алаңдаулы осы сәтте ақпараттық арандатушылыққа сеніп қалмау, жел сөзге еріп кетпеу маңызды.

Әлемдік тәжірибеде, соның ішінде демократиялық мемлекеттерде референдум – халық пікірі сұралатын демократия механизмдерінің бірі. Осы тұрғыдан қарағанда, референдумға қатысып, Конституцияға енгізілгелі отырған өзгерістерге байланысты оң таңдау жасау әрбір қазақстандықтың борышы, парызы. Өйткені әрбіріміздің таңдауымыз жарқын болашаққа апаратын жол деп түсінгеніміз абзал.

Отыз жыл ішінде Ата заңымызға бірнеше рет өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бірақ осы уақытқа дейін ешқашан халық пікірі сұралып, ешкім бізбен санасқан емес. Ал алдағы референдум Сенің, Менің, Біздің пікіріміз ескерілетін сәт. Сондықтан бұндай ел тағдыры сынға түсетін сәтте мемлекет, ұлт мүддесі үшін қадам жасау әсіресе, жас ұрпақ үшін жарқын болашақтың кепілі.

Еліміздің саяси өміріндегі соңғы өзгерістер мен реформалар қазақстандықтардың саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани өміріне оң өзгерістер алып келетініне сенім мол. Ең бастысы, мемлекетіміздің әлемдегі саяси салмағын арттыра түсуге де әсер ететіні анық!

Ғабит Тұяқбаев,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Тағы да оқыңыз: