Kyzylorda-news.kz. Партияның облыстық филиалының Саяси кеңесі Бюросының отырысы өтіп, онда бірнеше мәселе қаралды. Соның бірі облыстық мәслихаттағы депутаттық фракциямен 2023 жылы атқарылған жұмыстар.
Жалпы өңірде облыстық мәслихаттағы 32 мандаттың 78,1 пайызын, яғни 25 мандатты«AMANAT» партиясы иеленген болатын. Мұнан соң Партияның облыстық филиалының Саяси кеңесі Бюросының 2023 жылғы 28 наурыздағы Қаулысымен облыстық мәслихатта партияның депутаттық фракциясы құрылды. Жиын барысында жаңа құраммен есепті кезеңде атқарылған жұмыстарды фракция жетекшісінің орынбасары Мақсұт Нәлібаев кеңінен атап өтті.
Фракцияның қызметі жарғыда, партияның саяси тұғырнамасында және сайлауалды бағдарламада айқындалған партияның стратегиялық мақсаттары мен жоспарларын іске асыруға бағытталды. Фракция нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеу, қарау және бекіту жұмысында осы мақсаттарды басымдыққа алып, облыстық мәслихаттың тоғыз сессиясында 73 шешім шығарды. Оның ішінде негізгі қаржы құжаты – 2023-2025 жылдарға арналған облыстық бюджетке өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде 6 рет нақтылау жұмыстары жүргізілді. Сонымен бірге, 2024-2026 жылдарға арналған облыстық бюджет бекітілді»,- деді сөз басында Мақсұт Нәлібаев.
Есепті кезеңде фракцияның 8 отырысы өтіп, оларда әкім және оның орынбасары, сонымен бірге облыстық басқарма басшылары – партия мүшелері Сайлауалды бағдарламаларды іске асыруға байланысты қызметі бойынша есептері тыңдалған. Онан бөлек, фракция мүшелері Партиялық бақылау комиссиясының 17 отырысы мен мониторинг жұмыстарына және партия жанындағы 8 кеңестін 50 отырысына қатысып, тиісті ұсыныстар берді. Осындай жергілікті атқарушы органдармен бірлескен жұмыстар нәтижесінде Сайлауалды бағдарламаны іске асырудың Жол картасындағы 115 іс-шараның 95% орындалды»,- дейді фракция жетекшісінің орынбасары.
Сондай-ақ Мақсұт Нәлібаев Сайлауалды бағдарлама аясында атқарылған бірқатар жұмыстарды да тілге тиек етті. Атап айтсақ, өңірде 13 елді мекен газдандырылған. 9 спорт нысаны, 3250 орындық 8 білім беру ұйымдарының ғимараттары пайдалануға берілген. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 9 мектептің құрылысы басталды, 1200 орындық 5 мәдениет нысаны, 15 денсаулық сақтау нысаны пайдалануға берілген. Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жалға берілетін 1302 пәтер сатып алынған.
Депутаттық фракция мүшелері тұрғындармен тұрақты кері байланыс жасау мақсатында партияның Қоғамдық қабылдау бөлмелерінде 120 қоғамдық қабылдау өткізіп, оларда түскен 320 мәселенің 64%оң шешілуіне ықпал етті. Қабылдаулардың 48-і көшпелі форматта аудан орталықтары мен шалғай елді мекендерде өткен. Сонымен қатар, есепті кезеңде түрлі мәселелер бойынша тиісті органдарға 70 депутаттық сауал жолдаған. Олардың шешілу барысы бақылауда деп атап өтті фракция жетекшісінің орынбасары.
Алқалы жиында сонымен қатар партияның облыстық филиалының 2023 жылғы бюджетінің орындалуы қаралды. Облыстық мәслихаттағы депутаттық фракция мүшелерінің қоғамдық қабылдау кестесі, филиал жанындағы кеңестер мен комиссиялардың ережелері бекітіліп, құрамына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
