Жалпы мемлекеттік қызметтің сапасын арттыру – кез келген мемлекеттің дамуына ықпал ететін маңызды қадамдардың бірі. Азаматтарға қызмет көрсету деңгейін көтеру арқылы халықтың сенімін нығайтып, қоғамның әл-ауқатын жақсартуға болады. Бұл мақалада мемлекеттік қызметті жақсартуға арналған негізгі қадамдар мен олардың маңыздылығы қарастырылады.
Негізгі қадам
Жұмыстың тиімділігін көрсетіп, анық нәтижеге қол жеткізу үшін жасалған қадамдардың бірі – цифрландыру. Бұл тек елімізде емес, жаһандық деңгейде мемлекеттік қызметті жетілдірудің ең тиімді жолдарының бірі болып табылады. Қазіргі таңда көптеген елдер азаматтарға мемлекеттік қызметтерді онлайн түрде ұсыну арқылы ыңғайлы әрі уақытты үнемдейтін жүйелерді енгізіп жатыр.
Мемлекеттік қызметті жетілдіру жолында түрлі тәжірибелер негізінде қолға алынған бұл қадам оң көрсеткішпен көзге түскен. Мысалы, Сингапурда мемлекеттік қызмет жүйесі инновациялық тәсілдермен үйлесім тапқан. Білім мен біліктілігі жоғары мамандарды тарту, оларға жоғары деңгейде қолдау көрсету және ашықтық принциптерін ұстану – Сингапурдың жетістігіне негіз болған факторлардың бірі. Сонымен қатар, Эстонияның цифрлық мемлекеттік қызмет жүйесі, мемлекет пен азамат арасындағы байланысты жеңілдетіп, айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді.
Жалпы цифрлық платформалар арқылы адамдар кез келген мемлекеттік қызметке кезекке тұрмай-ақ, өз үйлерінде отырып қол жеткізе алады. Бұл үрдіс Қазақстанда да белсенді жүргізіліп жатыр. "Электрондық үкімет" (eGov) порталы осының айқын мысалы. Қазіргі таңда ақпараттық технологиялар мемлекеттік қызметте қолданылатын негізгі құралдарға айналды. Электрондық үкіметтің дамуы, онлайн қызметтер мен деректер базасын біріктіру арқылы халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру мүмкіндігіне ие. Бұл тек бюрократиялық тосқауылдарды жеңуге ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік органдардың жұмысын ашық және тиімді етіп көрсетеді.
Транспаренттік және ашықтық
Алғашқы болып айтқан цифрлық жүйеден ашықтық мәселесі шешімін табатынын сөз еттік. Бұл келесі қадамға алып келеді. Нақтырақ – транспаренттік және ашықтық бағыты. Бұл да дамушы еліміз үшін өзекті сауал. Себебі мемлекеттік қызмет көрсетудің ашық болуы – мемлекеттік құрылымдар мен азаматтар арасындағы сенімділікті арттырудың маңызды шарты. Бұл жерде қоғамдық бақылау және есеп беру жүйелерін орнату маңызды рөл атқарады. Мемлекеттік құрылымдар жүргізген іс-шаралар мен қаржылық есептіліктер ашық түрде жарияланып отырса, азаматтар оның нәтижелері мен сапасын бақылай алады. Бұл тек халықтың сенімін арттырумен ғана емес, сыбайлас жемқорлықты азайтуға да ықпал етеді. Осының негізінде мемлекеттік қызметкерлер мен халық арасындағы қарым-қатынасты жақсарту төңірегіндегі сауалдар шешімін тауып отыр. Ашықтық пен жариялылық мемлекеттік органдардың қызметіне деген сенімділікті арттырады. Қоғамдық пікірді ескеріп, шешімдер қабылдаудың ашық процесін құру, мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді деген түсінік мемлекеттік басқару ісінің тиімділігін барынша арттыруға жол ашады.
Кадрдың қадірі қызметпен артады
Мемлекеттік қызмет сапасын арттырудың тағы бағыты – кадр мәселесі. Мемлекет басшысы биыл Жолдауында "Үміткерді қызметке тағайындаған кезде оның кәсіби және моральдық қасиеттерін мұқият ескерген жөн. Бұрынғы жұмысын қалай атқарғаны да қаперде болуы керек. Меритократия қағидаттарынан ешкім бас тартқан жоқ. Бұл бағыттағы жұмыстың аяқ алысы жаман емес. Қазір мемлекеттік органдардың бәрі кадр жөніндегі бірыңғай ақпараттық жүйеге көшті. Енді Үкімет пен Мемлекеттік қызмет істері агенттігі бюджеттен қаржыландырылатын мекемелердің кадр мәселесіне қатысты жұмысын толық автоматтандыруы керек" дегендей, қызметке кәсіби мамандарды тартып, оларды үздіксіз дамыту маңызды. Қызметкерлердің біліктілігін арттыру мақсатында арнайы оқыту бағдарламаларын енгізу, заманауи тренингтер өткізу қажет.
Мәселен 2019 жылдан бастап Қазақстанда жас әрі талантты жастарды қолдау мақсатында Президенттік жастар кадрлық резервін құру туралы шешім қабылданған болатын. Бүгінде кадрлық резервтің жұмысы жүйелі. Оның жұмысы жайында мемлекеттік қызметке іріктеу департаментінің директоры Жандос Сәрсен жобаның талаптары мен бүгінгі күнге дейін істелген жұмыстар жайында "Резервті қалыптастырудың негізгі міндеті – қоғамдық мүдделерді басшылыққа ала отырып, біздің еліміздің дамуына өзгерістер енгізгісі келетін "жаңа формацияның көшбасшыларын" іздеу арқылы жас таланттарға әрекетті әлеуметтік саты құру болып табылады. Резервті қалыптастыру қағидаларының 3-тармағына сәйкес резервке іріктеуге қатысу үшін кандидаттар жоғары білімді және кемінде 5 жыл еңбек өтілі бар 35 жастан аспаған азаматтар қатарынан болуы қажет" – дейді. Сондай-ақ 2019 жылғы президенттік жастар кадрлық резервіне қабылданған үміткерлер еліміздегі лауазымдық қызметтерде жұмыс істей алады. Бұнымен қоса ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялардың басқарма төрағалары бола алады. Олардың резервте тұру мерзімі 2024 жылғы желтоқсан айына дейінгі ғана уақытты қамтиды. Өз кезегінде, 2021 жылғы резервшілер тек мемлекеттік лауазымдарға тарту көзделген. Осылайша, бүгінгі күнгі жағдай бойынша 350 резервшінің 263-і жұмысқа орналастырылды, оның ішінде орталық мемлекеттік органдарға – 130, жергілікті атқарушы органдарға – 38, ұлттық компанияларға – 54, өзге және жеке ұйымдарға – 41. Соның ішінде саяси лауазымдарға 30, "А" корпусының лауазымына – 6 резервші тағайындалып, Парламент Мәжілісінің депутаты болып 1 және облыстық мәслихаттың депутаттары болып 2 резервші тіркелгенін айтқан болатын. Бүгінге дейін бқл көрсеткіштер артқаны белгілі. Әрине, бұл жұмыстардың бәрі қызмет көрсету сапасын арттыруға тікелей әсер етеді.
Халық пен билік байланысы
Мемлекет басшысы халыққа Жолдауының бірінде «Азаматтардың, халықтың барлық өтініш-тілектерін жедел түрде әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру, барлығымзға ортақ міндет». Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаясси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады. Сондықтан азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек. Сондай-ақ, аса маңызды жалпы мемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет» деген болатын. Расында халықтың талаптары мен ұсыныстарын ескеру мемлекеттік қызметтің сапасын жақсартудың тағы бір маңызды қадамы болып табылады. Азаматтар өздерінің мәселелерін ашық түрде білдіріп, мемлекеттік органдардан нақты жауап күте алатын болса, онда халықтың мемлекетке деген сенімі артады. Қазіргі уақытта халықпен кері байланысты орнату мақсатында түрлі әлеуметтік желілер мен арнайы шағымдар қабылдау жүйелері пайдаланылады.
Әділдік пен қолжетімділік қажет
Мемлекеттік қызметке тең қол жеткізу құқығы әр азаматқа берілуі керек. Осы арқылы қызмет көрсетудің әділеттілігі сақталады. Барлық әлеуметтік топтарға тең қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін арнайы бағдарламалар мен жеңілдіктер енгізу, ауылды жерлердегі азаматтарға да қолайлы жағдай жасау маңызды. Осы негізде мемлекеттік қызметті жетілдіру, жаңа бағыттар мен мүмкіндіктер жасау міндеті туныдайды.
Мемлекеттік қызметтің тиімділігі қоғамның тұрақты дамуы мен мемлекеттік басқарудың сапасына тікелей әсер етеді. Сондықтан, мемлекеттік қызметті жетілдіру үнемі маңызды міндет болып табылады. Қазақстанда мемлекеттік қызмет саласындағы реформалар қазіргі уақытта белсенді жүргізілуде, алайда осы бағытта атқарылатын жұмыстар әлі де көп.
Жалпы айтар болсақ мемлекеттік қызметтің қазіргі жағдайы жоғарда айтылған мәселелерді шешуге негізделіп отыр. Нәтижесін көрер күн де алыс емес.
Мемлекеттік қызмет жүйесінің тиімділігі – тек мемлекеттік басқарудың сапасын емес, сондай-ақ халықтың өмір сапасын жақсартудың негізі болып табылады. Кадрлық саясатты жетілдіру, сыбайлас жемқорлықпен күрес, цифрландыру мен қоғамдық қатынасты нығайту – осы бағытта қабылданатын негізгі шаралар болып табылады. Қазақстанда мемлекеттік қызметті реформалау және оны жетілдіру жұмыстары әрі қарай да жалғаса бермек, бұл өз кезегінде елдің дамуына үлес қосады.
О.ЖОЛДАСОВ
Фото: ашық көздерден