Kyzylorda-news.kz. Сәуір айында Қызылорда өңірінің 3 ауданында 4 ауылдық округтің әкімі сайланады.
Қазақстан Республикасының Сайлау туралы конституциялық Заңына сәйкес, бүгін Қызылорда облысы, Қазалы ауданына қарасты Арықбалық ауылдық округі мен Қармақшы ауданына қарасты Ақтөбе ауылдық округі әкімдерінің өкілеттілік мерзімдерінің аяқталуына байланысты сайлау науқаны өткізілуде.
Жергілікті уақытпен сағат 07.00-де Арықбалық ауылдық округіндегі №70 сайлау учаскесі дауыс беруге кірісті. Сайлауда Арықбалық ауылдық округінің әкіміне 3 азамат үміткер болды. Оның 2-еуі өзін-өзі ұсынса, 1-еуі «Amanat» партиясы арқылы ұсынылды. 1 азаматтың декларациядағы мәліметтерінің сәйкес келмеуіне байланысты кандидат ретінде тіркеуден бас тартылды. Айта кеткен жөн болар, Арықбалық округінде 973 сайлаушы тіркелген.
Қармақшы ауданындағы Ақтөбе ауылдық округінің әкіміне 3 кандидат үміткер атанды. Олардың 3-еуі де өзін-өзі ұсыну жолымен кандидат ретінде тіркелді. Барлығы да мемлекеттік қызметшілер. Сағат 07.00-де Ақтөбе ауылдық округіндегі №107 сайлау учаскесі дауыс беруге кірісті. Ақтөбе округінде 880 сайлаушы бар.