Kyzylorda-news.kz. «AMANAT» партиясы жанындағы республикалық штабтың мүшелері, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Б.Смағұл мен Г.Шиповских референдумның маңыздылығын түсіндіру мақсатында Арал ауданының Абай ауылы тұрғындарымен кездесті.

Сайлаушылармен басқосуда ел Конституциясына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жайында айтқан аманаттықтар реформаның басымдық сипаттары жайлы да баяндап өтті.

«Бұл – Қазақстанның болашағын айқындайтын қадам. Жолдауда жарияланған реформалар халықтың таңдауы арқылы құқықтық тұрғыда беки түседі. Жұрт өз таңдауы арқылы еліміздің саяси дамуының жаңа кезеңіне қадам жасайды. Тарихқа көз жүгіртсек, Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар енгізілуі әлемде бар тенденция. Алысқа бармай-ақ көршілес елдерде мұндай саяси процесстер жақын жылдарда болған. Сол себепті 27 жылдан кейін өткізілгелі отырған референдумға үрке қараудың еш жөні жоқ. Тиісінше, бұл қадам Конституциямызда айқындалған әр азаматтық конституциялық құқын растап, елдегі өзгерістерді өз таңдауына қалдырып отыр»,- деді «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Бақытбек Смағұл.

Мұнан соң штаб мүшесі Геннадий Шиповских Ата заңға енгелі отырған өзгерістердің ешқайсысы азаматтардың бірде-бір құқығын шектемейтінін, керісінше құқықтарды кеңейтетінін атап өтті.
Кездесуге қатысқан ауыл азаматтары депутаттардың айтқандарымен келісіп, реформалардың расында да қажет екеніне көз жеткізгендерін атап өтті.

Тағы да оқыңыз: