Kyzylorda-news.kz. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Халыққа арнаған кезекті Жолдауында Мәжіліс және мәслихат депутаттарын қайта сайлау қажеттігі туралы айтқан болатын. Осыған орай елімізде 19 наурыз күні сайлау өтті. Соның нәтижесінде депутаттық мандатқа ие болған аралдықтар таныстырылды.
30 наурыз күні Арал ауданы мәслихатының сегізінші шақырылымының алғашқы сессиясы өтті. Тарихи шарада аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрбек Зағатов кезектен тыс сайлау қорытындысын жариялап, халық тарапынан үмітті ақтайды деп сенім білдірілген депутаттарға куәлік бен төсбелгі табыс етті.
Үстіміздегі жылдың 19 наурызындағы аудандық мәслихат депутаттарының сайлауында аудан көлемінде құрылған 15 бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша 51 кандидат дауысқа түсіп, олардың ішінен сайлаушылар қолдауына ие болған 15 адам сегізінші шақырылған аудандық мәслихаттың депутаты атанды, – деп сөз сабақтай келе, барлық ел аманатын арқалаған халық қалаулыларына сәттілік тіледі.
Сессияның күн тәртібінде мәслихат төрағасын сайлау қаралып, нәтижесінде депутаттық корпустың жаңа құрамы бірауыздан ашық дауыс беру арқылы мәслихат төрағалығына Базарбай Төреахметовты сайлады. Сондай-ақ аудандық мәслихаттың алғашқы сессиясында маңызды делінген 2 тұрақты комиссия құрылып, «Экономика, қаржы, өндіріс, құрылыс, көлік, коммуналдық шаруашылық, ауыл шаруашылығы, байланыс, экология және табиғатты қорғау мәселелері» бойынша депутат Айтуған Сауяев төраға деп танылды. Сондай-ақ жергілікті басқару, білім, мәдениет, спорт, денсаулық, құқық, жастар ісі, әлеуметтік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағалығына Лаура Ибраимова бекітілді.
Сессия барысында аудан әкімі Серік Сермағамбетов сөз алып, алдағы уақытта ауданның өсіп-өркендеуі жолында өзекті мәселелерді ел игілігі үшін тиімді шешу мақсатында бірлесе жұмыс атқаратын боламыз деп, сайлаушылардың талап-тілегін орындауға бар күш-жігерді жұмсаудың сәті келгенін алға тартып, депутаттарға ізгі лебізін білдірді.
Сөз ретінде айта кетейік, аудандық мәслихатқа «Аманат» партиясынан ұсынылған 10 депутат, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан ұсынылған 1 депутат, өз-өзін ұсынған 4 депутат мәслихат мінберінен көрінуге мүмкіндік алды.