Kyzylorda-news.kz.  «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының активі Президент Жолдауын талқылады. Алқалы жиынды партия филиалының Атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешова жүргізді.

Жиында Атқарушы хатшы әділетті мемлекет құрып, берекелі қоғам қалыптастыруға бағыттайтын жаңа Жолдау партияға да айрықша жауапкершілік пен үлкен міндеттер жүктейтінін атап өтіп, Партия тарапынан Президент бастамалары аясында атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды.

«Бүгінде Приезидент тапсырмасына сай партия бастамасымен жүзеге асып жатқан «Ауыл аманаты» мен «Жер аманаты жобалары, көпшілікпен жылы қабылданып, қолдау табуда. Мәселен, «Ауыл аманаты» жобасы аясында облыста 146 ауыл әкімдері арнайы оқудан өтті. 15 ауылдық округ тұрғыны ауыл халқының тұрмысын арттыруға негізделген көшпелі ақпараттық топтың семинарына қатысып, қажетті ақпараттармен қанықты. «Жер аманаты» жобасы аясында арнайы өңірлік комиссия құрылып, облыста 50 мың гектардан астам пайдаланылмай жатқан жер мемлекет меншігіне қайтарылды. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес, партия филиалының «ТАЛҚЫЛАУ» алаңында өңірдегі газ бағасын төмендету мәселесі бойынша арнайы мемлекеттік комиссия отырысы өткізіліп, шешімі күтіліп отыр. Мемлекет басшысының жаңа Жолдауындағы міндеттерді жүзеге асыруда партия органдары барлық ресурстарын жұмылдыратын болады»,- деді Ләйлә Төрешова.

Актив жиынында партия белсенділері Жолдаудың негізгі басым бағыттары туралы ойларын ортаға салып, пайымды пікірлерін білдірді.

Жиын соңында, партияның облыстық филиалының Атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешова Жолдауды жүзеге асыру аясында өңірлік партия филиалдары алдында тұрған негізгі міндеттерді атап өтті.

Тағы да оқыңыз: