Kyzylorda-news.kz. «Amanat» партиясы Қызылорда қалалық филиалында актив отырысы өтті. Жиында сайлаудың аяқталуына орай бірқатар мәселелер қаралып, халықтық коалиция атынан Президентікке ұсынылған үміткер Қ.Тоқаевты қолдауға арналған шаралар мен үгіт жұмыстарының нәтижесі талқыланды.
Кездесуде қалалық партия филиалының атқарушы хатшысы Шәріп Абдрахманов сайлау науқаны барысында атқарылған шаралар мен алдағы жоспарларымен бөлісіп, қалалық қоғамдық штаб мүшелері алдында баяндама жасады.
«Қала бойынша барлығы 160 сенімді өкілдің тізімі қалыптасты. ҚР Президенттігінің кезек тыс сайлауын насихаттау үшін 48 адамнан тұратын қоғамдық штаб өз жұмысын бастаған болатын»,-деп атап өтті Шәріп Әкбарұлы.
Актив отырысында сөз алған қалалық қоғамдық штаб төрағасы Ибадулла Құттықожаев: Өздеріңізге мәлім, сайлау уақыты да мәресіне жетіп, айқын басымдықпен Қ.Тоқаевтың озып шыққанын көріп отырмыз. Жеңіске үміткердің ел алдындағы беделі, оның көреген саясаты мен сайлауалды бағдарламасының нақтылығы себеп болғаны анық. Үгіт жұмыстары барысында қалалық қоғамдық штаб мүшелері зор үлес қосып, халықпен кездесуде де, әлеуметтік желіде ақпараттандыруға да септігін тигізді. Жастардан құрылған еріктілер тобы тұрғындарды ақпараттандыру барысында үлкен еңбек етті. Осы орайда, қоғамдық штаб төрағасы ретінде белсенділік танытқан баршаңызға алғыс білдіремін,-деді.
Жиын барысында қоғам қайраткерлері, штаб мүшелері өзара пікір алмасып, алдағы жоспарларға сәттілік тіледі.