Kyzylorda-news.kz. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында еліміздегі маңызды мәселелерге көңіл аудара отырып, біз назарға алуға тиіс бірнеше басым бағыттарды атап өтті. Мемлекеттің экономикалық ахуалын жақсартып, оны оңтайландыру үшін тиісті жобаларды қолға алуды тапсырды.
Елдің тұғырлылығын нығайтатын – білім, ғылым, медицина, құқық қорғау органдары секілді тегеуренді салалалармен қатар көші-қон саясаты арқылы да өзекті мәселерлерді шешуді ұсынды. Адами капитал сапасын арттыру мақсатында мемлекет басшысы шетелден жоғары білікті кадрлар алынатындығын атап өтті. Енді ғылым, денсаулық сақтау, өндіріс, IT салаларының білікті мамандары елімізге келіп, тәжірибелерімен бөлісетін болады. Бұл дегеніміз – шетелдік әріптестерімен пікірі алмаса отырып, әлемдік жаңа құзыреттіліктер мен жаңа дағдыларды үйренуге жол ашу. Мәселен, XXI ғасырдағы саяси-экономикалық, әлеуметтік, қаржы секілді барлық салаларының бойына қан жүгіртіп, оның жүйелі жұмыс істеуіне мүмкіндік туғызып тұрған – IT саласы. Цифрлық платформа кез келген саланың жұмысын оңтайландырып, электронды база негізінде жұмыс істеуге жағдай жасайды. Ал бұл жұмыстарды одан әрі жетілдіріп, отандық мамандардың кәсібилігін тереңдету үшін шетелдік дарынды азаматтардың өз білгенімен бөліскені керек-ақ. Сонда ғана біз Г.М.Маклюен ұсынған «Ғаламдық ауыл» тұжырымдамасына сай әрекет етіп, жаһандану саясатының тиімді тұстарын сезінетін боламыз.
Сәйкесінше біздің еліміздегі ең сұранысқа сай, сапалы кадрларды қажет ететін бірден бір сала – IT саласы. Бүгінде әлемдегі ақпараттар ағыны, өзгерістер күретамыры осы саламен тығыс байланысты. Цифрландыру заманында IT саласының дамуы өзекті, сол арқылы әлемдік көшке бірге ілесу керектігі де белгілі. Сондықтан мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы ақпараттық технология дәуіріндегі маңызды салаларды дамытуға бетбұруы еліміздің даму қарқынын жеделдетеді.
Нұрлан Нұрмағанбетов,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда Университеті,
Бағдарламалық қамтамасыз ету және қашықтықтан білім беру технологиялары басқармасының басшысы