Kyzylorda-news.kz Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында сырбойылық журналистер Қазақстан Журналистер одағына мүшелікке қабылданды. 28 маусым – Байланыс және ақпарат қызметкерлері күніне және облыстың ата басылымы «Сыр бойы» газетінің 95 жылдық мерейтойына орай олар одақтың куәлігі мен төсбелгісіне ие болды. Шараға облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Алмасбек Есмаханов, ҚР Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы, облыстық «Сыр бойы» газетінің бас редакторы  Қуат Шарабидинов, облыстық «Qyzylorda» телеарнасының директоры Нұрбек Әмиша және «Өрлеу» Қызылорда облысы бойынша филиалы директоры Бауыржан Елеусінов қатысты.

– Ең алдымен барлығыңызды байланыс және ақпарат қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын. Бұқара мен билік арасындағы алтын көпірге айналған журналистер қауымы қоғамның белді мүшелері десем қателеспеймін. Кәсіби мерекеде марапат төрінен көрініп, одаққа мүше болғалы тұрған жандарды құттықтай келе, еңбекте табысты болыңыздар дегім келеді. Сіздерге шығармашылықтың шыңына жететін күш-қуат тілеймін, – деді басқарма басшысы А.Есмаханов.

Биыл мүшелікке қабылданғандардың дені жастар. Олардың қатарында өңірлік коммуникациялар қызметінің бөлім басшысы Нұрай Ақжігіт, облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Жанат Жалиева, облыстық «Ақмешіт жастары» газетінің тілшісі Аружан Оралбай, «Qogam TV» телеарнасының редакторы Нұрбол Серікбай және «Qogam TV» телеарнасының дикторы Шапағат Торғаева бар. Сонымен қатар қоғам белсендісі, газет авторы Баймырза Қожамберлиев, Әлімжан Қияс, Шиелі аудандық «Шарайна-Сейхун» газетінің тілшісі Ғазиза Рүстембек және Сандуғаш Рамберді одаққа мүше болды.

– Жылдағы дәстүрге айналған іс-шара биылда өз жалғасын тапты. Қалам ұстап, қасиетті мамандықтың бел ортасында жүрген жандарды биыл мүшелікке қабылдау облыстық «Сыр бойы» газетінің 95 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Еңбектеріңіз еленіп, қашан да абырой биігінен көрінулеріңізге тілектеспін, – деді облыстық филиал төрағасы Қуат Әбішұлы.

Сонымен бірге аталған іс-шарада аймақтың бірқатар журналистері Қазақстан Журналистер одағының марапатына ие болды.

Айтар болсақ, БАҚ қызметкерлері арасында өткізілген республикалық конкурста жеңіске жеткен «Kzvesti.kz» ақпараттық агенттігінің шеф-редакторы Мира Жакибаева Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты атанды. Одан соң «Әлімсақ» және «Ұстаз мәртебесі» басылымдарының редакторы Нұрлан Көбегенұлы одақтың «Алтын медаль» иегері атанды. Бұл марапат биылдан бастап тұңғыш рет беріліп отыр.

Сондай-ақ, отандық журналистиканың дамуына елеулі үлес қосқаны үшін бірқатар БАҚ саласының қызметкерлері «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Олардың қатарында облыстық облыстық «Кызылординские вести» газетінің меншікті тілшісі Мақсұт Ибрашев, «Ақмешіт жастары» газеті бас редакторының орынбасары Айдана Жұмадинова, «Qyzylorda»  телеарнасының арнаулы тілшісі Әкімжан Жолтаев, республикалық «Тіл сақшысы» газетінің жауапты хатшысы Жанар Сыдық, «Ақпарат.KZ»  газеті бас редакторының орынбасары Думанай Абдулпаттаева, облыстық «Сыр бойы» газетінің тілшісі Тұрарбек Бекмырзаев және де «Жаңақорған тынысы» газетінің дизайнері Жасұлан Сейдеметов бар.

Айта кетейік, Түрік әлемінің ортақ үнін жұртшылыққа жеткізуде қосқан үлесі үшін «Сыр бойы» газетінің жауапты хатшысы Дәуіржан Елубаев халықаралық «ТҮРКСОЙ» ұйымымының Алғыс хатымен марапатталды.

Іс-шарада «Өрлеу» Қызылорда облысы бойынша филиалы директоры Бауыржан Елеусінов пен қоғам белсендісі Баймырза Қожамберлиев  журналистер қауымын мерекемен құттықтап, шығармашылық табыс тіледі.

Тағы да оқыңыз: