Kyzylorda-news.kz «AMANAT» партиясының «Бақытты отбасы», «Ұлттық мұра» жобалары аясында партияның Байқоңыр филиалына қарасты «Мәметова» бастауыш партия ұйымының ұйымдастыруымен отбасы институтын нығайту және балаларды рухани-адамгершілікке тәрбиелеу мақсатында «Анам және мен» тақырыбында шара өтті.
Іс-шара қыз баласының бойына ананың жақсы қасиеттерін сіңіру, аналарынан үйренгенін күнделікті өмірде қолдана білуге дағдыландыру, ата-анаға деген құрмет, сүйіспеншілік, мақтаныш сезімін ұялатуға тәрбиелеу бағытында өткізілді.
Танымдық шарада өз ана тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін, ұлттық ән, би өнерлерін меңгерте отырып, қазақ қызына тән қасиеттермен сусындатты.
«Мәметова» бастауыш партия ұйымының төрағасы Гүлнұр Қайнарбаеваның айтуынша бүгінгідей балаларымыздың түрлі гаджеттерге телмірген тұсында бала тәрбиесі - баршаға ортақ.
«Отбасы институтын нығайту және оның қоғамдағы рөлін арттыру – «AMANAT» партиясының Саяси тұғырнамасындағы негізгі басымдықтардың бірі. Өткен жылы партияның Әйелдер қанаты ата-аналар балаға көбірек көңіл бөлуі үшін «Балаңа уақыт арна!» акциясын жариялады. Біз балабақша базасына келіп, ондағы балғындар мен олардың аналарын бірге қосып, шара өткізіп отырмыз. Бұл бір жағынан балабақшадағы тәрбиеші мен ата-ананың ынтымақтастығын арттырса, екінші жағынан тәжірибені өмірде қолдана білу мүмкіндігін қалыптастырады. Әрбіріміз баламызға уақыт бөлуді ұмтыпайық»,-деді Гүлнұр Қайнарбаева.