Kyzylorda-news.kz. Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына биыл – 79 жыл. Бұл жеңіс – бүкіл күш-жігерімен жеңіске ұмтылған мил­лиондаған жан­дардың арман-тілегі. Сол жыл­дар­дардағы елге, туған жер­ге, отбасына арналған сағы­ныш сазы әуелеген өлең­дер мен әндердің орны бөлек. Осы орайда, Сырдария ауданына қарасты ақиық ақын Асқар Тоқ­мағам­бетов ауылдық клуб үйінде «Жеңіс әуендері» атты аудандық фестиваль өтті. Мерекелік концертке ауданға қарасты ауылдық округтердің өнерпаздары, «Шабыт» балалар хоры мен мың бұралған бишілер қатысты.

Фестивальдің негізгі мақ­саты – Ұлы жеңіс мерекесі қарсаңында жеңіс әндерін өскелең ұрпаққа дәріптеу екені мәлім. Тағылымы мол іс-шараны «Шабыт» балалар хоры «Бейбіт күн тілегі» атты әнімен бастады. Сонан соң, Бесарық ауылынан М.Жүнісбаева, Қалжан ахун ауылынан Г.Сырғабаева, Нағи Ілиясов ауылынан Н.Нұрылдаев, Шіркейлі ауылынан А.Сүлейменова, Жетікөл ауылынан А.Өтеуов, Асқар Тоқмағанбетов ауылынан А.Бекболатова, Қоғалыкөл ауылынан Райхан Шүкірәлиева соғыс жылдарында шыққан әндерді шырқап, халықтың ыстық ықыласына бөленді. Көрермендер білетін әуендерін өнерпаздармен қосыла шырқады.

 

Танымы бөлек кеште ауыл әкімі Ғабдолла Алданазаров сөз сөйледі.

– Ұлы Жеңістің 79 жылдық мерекесі бар­шаңызға құтты болсын! Аласапыран майдан даласында етігімен қан кешіп, кеудесін оққа тосқан майдангер қарттарымыз жыл санап азайып барады. Жеңістің 79 жылдық мерекесіне 4 қана майдангеріміз жетіп отыр, Әрине оның бірі – Яхия Тасыров. Біз мұны мақтанышпен айтамыз. Бүгінігі ұйымдастырылып отырған фестиваль жоғары деңгейде өтті. Барлық өнер­паздарға алғысымды білдіремін, өнерлеріңіз өрге жүзсін. Біз осы соғысқа арналған әуендерімен өстік десек болады, – деді ауыл әкімі Ғабдолла Рүстембекұлы.

Ауыл әкімі өнер көрсеткен өнерпаздарды алғыс хатпен марапаттап, сый-сыяпат табыстады. Ауыл тұрғындары айтулы іс-шараның алдағы уақытта өз жалғасын табуына тілектестігін білдірді.

– «Жеңіс әуендері» атты аудандық фестивальде өнер көрсеткен әріптестеріме ал­ғыс білдіремін. Біз бұл іс-шараны жарыстан гөрі фестиваль түрінде өткізуді жөн көрдік. Мұндағы мақсат мереке қарасаңында халыққа мерекелік көңіл күй сыйлау, – деді ауылдық клуб үйінің меңгерушісі Әсел Ибраева.

Тағы да оқыңыз: